Құрылтайда қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелер түгел қамтылды

Құрылтайда қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелер түгел қамтылды

Қастерлі Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Алқалы жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің алдағы бағдарын айқындап берді. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

“Онда соңғы кезеңде қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылды. Жалпы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай туралы бастаманы осыдан бірнеше жыл бұрын өз Жолдауында көтеріп, оны елді жаңғыртудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде ұсынған болатын. Содан бері Қазақстанда түбегейлі өзгерістер қолға алынып, кешенді саяси реформалар іске асырылды. Мемлекет басшысы осы ауқымды жұмысқа Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосқанын атап өтіп, бұл бастама арқылы қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасқанын айтты”, – деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Президентіміз  көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін білдірген еді.

“Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмайтыны, ал, салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет ұсынған жаңа тәсілдерді халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру ісіне баса мән берді. Сондай-ақ Президентіміз салықтан жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндерге және заңнамада соған жол беретін олқылықтарға назар аударып, тиісті заңдарға жедел түрде қажетті түзетулер енгізуді тапсырды. Осы ретте қолға алынып жатқан шаралардың мәні мен маңызын азаматтарға жеткізуге және қажетті заңнамалық жұмыстарға Сенат депутаттары белсенді қатысатынын атап өткім келеді”, – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Жиында айтылған бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елді басқаруды және логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыру үшін қолайлы тәсіл екенін,  еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берілгенін жазды.

“Президентіміз атап өткендей, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Сондықтан діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар аталған талапқа сай болуға тиіс. Осы мәселені жан-жақты қарап, заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру ерекше мәнге ие”, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жаңалықтармен бөлісу