Қостанайда қасиетті Құранды жаттаушы жастар арасында тағылымы мол сайыс ұйымдастырылды. Өңірімізге белгілі тұлға Оралхан Таңжарық ұрпақтарының демеушілігімен екінші рет ұйымдастылған рухани дода жастардың білімін таразылап қана қоймай, өскелең ұрпақты имандылыққа, ізгілікке және ұлттық рухани құндылықтарды құрметтеуге үндеді.
Жайлаубай ата мешітінде өткен сайысқа облыстық мешіттердің шәкірттері қатысып, Құран сүрелерін жатқа оқу бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылардың дайындығы мен қабілетін бағалаған қазылар алқасына Астанадағы қарилар даярлайтын орталықтың бас директоры Сәдуақас қажы Олжабай төрағалық етті.
Сайыстың негізгі мақсаты – Құранды жатқа білетін жастардың қатарын көбейту, олардың діни білімге деген қызығушылығын арттыру және қасиетті кітаптың тағылымын кеңінен насихаттау.
Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы мұндай шаралардың жас ұрпақтың рухани тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

– Сайыстың мақсаты – Құран жаттаған жастардың қатарын көбейту. Құранның нұрымен, кереметімен, тағылымымен өзімізге тәрбие алуымыз керек. Құран – жүректерге шипа, мүміндерге тура жол. Оны тыңдап отырған жандарға да шапағаты тиеді. Көңіліміз орнығып, жүрегіміз тазарады. Құранды оқығандар да, тыңдағандар да үлкен сауапқа кенелетіні аяттарда айтылған, – деді Бектұрсын қажы.
Оның айтуынша, Құранды жаттау – тек белгілі бір мәтінді есте сақтау емес, сонымен бірге адам бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, рухани кемелденуге бастайтын жол.
Сайыстың бас төрешісі Сәдуақас қажы Олжабай да жастардың Құранға деген ықыласына жоғары баға беріп, ислам өркениетінің ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Ол бүгінгі жас ұрпақтың діни сауатын ашып, білімге ұмтылуы қоғам үшін маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ тарихта есімдері қалған мұсылман ғалымдарының өнегесін мысалға келтірді.
– Осы өңірдің он бес жасар баласының Құранды небәрі тоғыз айда жаттап алғанын естіп отырмыз. Бұл бекер емес деп ойлаймын. Мұнда үлкендердің дұғасы мен жастардың ынтасы бар. Алла тағала жастарымызға осындай өнеге көрсететін, бейбіт заманда өмір сүретін мүмкіндік берсін. Мұсылмандар үшін ең керекті нәрсенің бірі – тыныштық. Елде бейбітшілік болса, мемлекетіміз дамиды. Ал алауыздыққа жол беріп, түрлі топтарға бөлінсек, алға жылжуымыз қиындайды, – деді Сәдуақас қажы.

Бас төреші ислам діні мен ғылымды бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын да атап өтті. Оның сөзінше, мұсылман өркениеті әлемдік ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан.
– Ислам ғылымға қарсы болса, Ибн Сина секілді ғұламалар шығар ма еді? Математика ғылымының дамуына зор үлес қосқан Әл-Хорезми сияқты ғалымдар болар ма еді? Мұсылман ғалымдарының еңбектері адамзат өркениетінің дамуына ықпал етті. Олардың өмір жолы білімге ерте жастан ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан жастарымыз Құранды жаттаумен қатар, заманауи ғылымды да меңгеріп, жан-жақты білімді азамат болып қалыптасуы керек, – деді ол.
Сәдуақас қажының пайымынша, діни тәрбие мен сапалы білім қатар жүргенде ғана қоғамның рухани әлеуеті артып, ел болашағы берік болмақ.
Сайыстың өтуіне ұйытқы болған Жайлаубай ата мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.

Оның айтуынша, сайыстың бас демеушісі – кезінде өңірдің рухани өміріне үлес қосқан қоғам қайраткері, жерлесіміз Оралхан Таңжарықтың ұрпақтары.
– Оралхан Таңжарық ағамыз Марал ишан мешітінің қалада қайта жаңғыруына себепкер болған азаматтардың бірі еді. Бүгінде оның ұрпақтары осы игі істі жалғастырып, сайысқа қолдау көрсетіп келеді. Биыл бұл іс-шараны екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Сайысқа облыстық мешіттердің шәкірттері қатысып, Құранды жатқа оқу шеберліктерін көрсетті. Мұндай бастамалар жастардың ынтасын арттырып, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге жол ашады, – деді Шоқан Ғазизұлы.
Осылайша, игі дәстүрге айнала бастаған сайыс жас қарилардың басын қосып, олардың білімін шыңдауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге кейінгі буынға үлгі боларлық рухани ортаның қалыптасуына ықпал етті.
Сайыстың ең әсерлі тұстарының бірі – қатысушылардың Құран жаттауға деген ықыласы мен өз жетістіктері туралы әңгімелері болды. Жас қарилардың әрқайсысының ізденіс жолы әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ қасиет – қасиетті кітапты үйренуге деген құлшыныс.
Арқалық қаласынан келген Әбдрахман Сәндібек бұл сайысқа екінші рет қатысып отыр. Алғашқы жарыста екінші орын алған жас қаридың бұл жолы бағы жанып, бірінші орынға қол жеткізді.

– Бұл менің екінші жарысым. Алғашқысында екінші орын алған едім. Алла қаласа, бүгін бірінші орынды иелендім. Құранды алты жасымнан бастап үйреніп келемін. Оған деген махаббатым өте жоғары. Мұғалім «Сәниді» оқытып болғаннан кейін Құран жаттауға кірістім, – дейді Әбдрахман.
Жас құран жаттаушының жетістігі – бірнеше жылдық еңбектің, тұрақты дайындық пен ұстаздан алған білімнің нәтижесі. Алғашқы сайыста жинаған тәжірибесі оған бұл жолы сенімділік сыйлағаны анық.

Тағы бір жеңімпаз – Жайлаубай ата мешітінің шәкірті Ғизат Еркебұланұлы. Ол Құранды екі жыл бойы жаттап, сайыста жоғары нәтиже көрсеткен.
– Құранды екі жылдан бері жаттап жүрмін. Исламға TikTok арқылы келдім. Кейін ұстаздарым дұрыс жолды табуыма көмектесті. Олардың бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында Құран үйренуге деген қызығушылығым арта түсті, – дейді Ғизат.
Оның әңгімесінен қазіргі жастардың рухани ізденіс жолында түрлі ақпарат көздерімен танысып, кейін ұстаздардың көмегімен білімін тереңдетуге мүмкіндік алып жүргенін аңғаруға болады. Бұл ретте жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, діни сауатын сенімді дереккөздер арқылы арттырудың маңызы зор.
Сайыста бірінші орын үш қатысушыға бұйырды. Ғизат Еркебұланұлы 29–30-паралар бойынша, Әбдрахман Сәндібек 30-пара бойынша үздік атанды.
Ал 28–29–30-паралар бойынша Жайлаубай ата мешітінің шәкірті Дінмұхамед Ғазиз жеңімпаз болды.
Дінмұхамед те Құранды кішкентай кезінен бастап үйреніп келеді. Оған қасиетті кітапты жаттау үшін ұзақ уақыт бойы тұрақты еңбектенуге тура келген.
– Құранды кішкентай кезімнен бастап үйреніп жүрмін. Көп жыл бойы жаттап, білімімді толықтырдым. Осы сайыста 28, 29 және 30-паралар бойынша бірінші орын алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта да Құранды тереңірек меңгеріп, білімімді жетілдіре бергім келеді, – дейді жас жеңімпаз.
Үш жастың жетістігі бір күндік дайындықтың нәтижесі емес. Олардың әрқайсысының артында ұстаздардың еңбегі, отбасының қолдауы және күнделікті ізденіс жатыр. Қасиетті Құранды жатқа оқу үшін есте сақтау қабілетімен қатар, сабыр, тәртіп пен табандылық қажет.
Ал мұндай сайыстар сол еңбекті бағалап, жастарға жаңа мақсаттарға ұмтылуға жігер береді.
Құран жарысы – тек жеңімпазды анықтайтын бәсеке емес.
Бұл – жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететін, ізгілік пен білімді дәріптейтін тағылымды шара. Осындай басқосулар арқылы жастар қасиетті кітапты үйренуге ынталанып, бір-бірімен тәжірибе алмасады, ұстаздарынан тәлім алады.
Қасиетті Құранның тағылымын бойына сіңірген, білімге құштар әрі елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет.
Ал Жайлаубай ата мешітінде өткен сайыс осы мақсатқа бағытталған игі бастамалардың бірі болды.
Жастардың жетістігі – рухани мұраның ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанының көрінісі. Ең бастысы, олардың ізденісі кейінгі буынға үлгі болып, Құранға деген құрмет пен білімге деген құштарлықты арттыра түссе, сайыстың негізгі мақсаты орындалғаны.
Айбек ЖҮЗБАЙ
