Құмар Ақсақалов: “Мемлекеттік тіл барлық этнос үшін біріктіруші фактор болып қала береді”

Құмар Ақсақалов: “Мемлекеттік тіл барлық этнос үшін біріктіруші фактор болып қала береді”

Қостанай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген кеңесі өтті. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен шақырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясына дайындық және Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына арналды.

Кеңес барысында өңірдегі бірлік пен келісімді нығайту, этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы жетістіктер мен нәтижелер жан-жақты талқыланды. Ассамблеяның өңірдегі жұмысының тиімділігін арттыру, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау жолдары қарастырылды.

Алғаш сөз алған өңір басшысы Құмар Ақсақалов кездесудің маңыздылығына тоқталды. Жиында атқарылған жұмыс талқыланып қана қоймай, маңызды мәселелерде қаузалатынын жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы жоспарлар мен бастамалар жан-жақты талқыланып, Ассамблеяның тиімді жұмысын жалғасытру үшін, жаңа жоспарлар да жүзеге асады деді.

            “Этносаралық келісім, халық бірлігі – өңірдегі мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі. Біз көп этносты мемлекетпіз. Тек біздің облыс аумағында оның дамуына лайықты үлес қосатын 50-ден астам түрлі этностардың өкілдері тұрады. Біздің әрқайсымыз әр тұрғынның әл-ауқаты, тұрақтылығы аймақтың экономикалық дамуына байланысты екенін анық түсінеміз. Облыс экономикасы оң нәтиже көрсетуде. Біз өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, металлургияда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында өз позициямызды күшейтуді жалғастырамыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіп секторында жеті жоба сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1400 жұмыс орны құрылып, инвестициялардың жалпы көлемі 126 млрд теңгеге жетті”, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Ұлтты Құрылтай отырысында Президент елордадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытына тікелей шығатын автомобиль жолын салуды тапсырған болатын. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұл жоба өңірлердің орталығын, оңтүстігін, батысын және солтүстігін біріктіре отырып, нағыз логистикалық орталыққа айналуға мүмкіндік ашады деді. Сондай-ақ, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді деп ерекше атап өтті.

Қостанай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастарды дамытуға елеулі үлес қоса отырып, жаңа бастамалар мен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибаллаев баяндап берді.

            “Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде ҚХА біздің қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тұрақтылық, толеранттылық пен келісімнің кепілі болды. Айта кету керек, Қостанай облысындағы барлық этномәдени бірлестіктер осы жылдар ішінде өздерін қоғамдық өмірге белсенді қатысушылар ретінде және сенімді серіктес тұрғысынан көрсете алды. Олар өздерінің мәдениетін сақтап қана қоймай, ағартушылық жұмыстарды да жүргізеді. Қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысып келеді. Өйткені, бұл біздің ортақ үйіміз. Қазақстан Республикасына деген патриотизм мен сүйіспеншілік біз үшін жай ғана сөз емес, нағыз іс. Жыл басында “Жомарт жан” орталығының жұмысын жандандырдық. Бүгінде орталық көмекке шын зәрулерге алтын ұя іспетті болып тұр. Кездесулер өткізу арқылы, олардың біздің қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуін қамтамысыз етеміз. Жақында Корей және Башқұрт орталықтарының қолдауымен “Аналар үйіне” теледидар алынды. Алғыс айту күні қарсаңында Федоров ауданындағы қарттар үйіне музыкалық-караоке жиынтығын алып бердік. Алдағы уақытта да осы орталықпен ынтымақтастықты дамыту жоспарымызда бар. Біз бірде-бір өтінішті назардан тыс қалдырмауға тырысамыз”, – деді Әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибаллаев.

Өңір басшысы Қазақстанда тұратын этностардың ана тілдерін сақтау және дамыту мәселелеріне назар аударылатынын айтты. Қостанай облысында тоғыз жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан сондай-ақ 16 мыңнан астам адам онлайн-форматта оқитын «Мәміле» сөйлесу клубы қызмет көрсетіп тұр. Құмар Ақсақалов барлық этностар үшін біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл болып қала береді деді.

            “Екінші жыл қатарынан жастар арасында қазақ тілін насихаттауға бағытталған «Мемлекеттік тілге жеті қадам» өңіріміздің авторлық жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде 225 адам осы бастаманың қатысушы болды”, – деп атап өтті өңір басшысы.

 

Келесі болып сөз алған “Қоғамдық келісім” ұйымының басшысы Наталья Рамазанова бірқатар жобаларға кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде, осы 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінің басты бағыты – қоғамдық келісімді нығайту болғанын тілге тиек етті.

            “Біздің жұмысымыздың өзегі ол, этностарды біртұтас қазақстандық ұлтқа біріктіру. Бірлік пен татулыққа үндеу, қайырымдылық, бизнес қоғамдастықтары арқылы жұмыс орындары құру, төтенше жағдай кезеңінде көмек көрсету, еріктілік, ғылыми жұмыстардың басылымы, халықтық ынтымақтастық, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Биыл өңірлік “Қоғамдық келісім” кеңесі жұмысы барсында жаңа әдістерді пайдалана отырып, үш жүзден аса іс-шара өткізді. “Allur” корпоротивтерінің базасында және Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде орналасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кабинетінде қалалық және аудандық ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңестерінің төрағалары “Даналық көпірі” және “Саламатты сана” жобасы аясында бас қосты. Ішкі саясат бөлімдері басшыларының қатысуыменмен этносаралық келісімді сақтау және жастарды тәрбиелеудің рөлі тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аталған іс-шара нәтижесінде бірлескен жұмысымыздың бағыты бағдарланып, әдістемелік нұсқаулықтар таратылды. Алдағы уақытта патриоттық тәрбиеге бағытталған Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ауған соғысының ардагерлерін, сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің мүшелерін ортақ қызметімізге тарту көзделген. Жоғарыда айтқан “Саламатты сана” жобасын іске асыру барысында бес әлеуметтік есепке басты назар аудару үшін Ассамлблея жастары көмегімен балалар театрын ұйымдастыруды көздеп отырмыз”, – деді “Қоғамдық келісім” ұйымының басшысы Наталья Рамазанова.

Өңірде жастарды қоғамдық келісім мен этносаралық өзара іс-қимылды нығайту шараларына тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, Ассамблея жастарының бастамасымен «Жастар жолы» жобасы тұрғындар тарапынан қолдау тапқанын атап өткен жөн.

Кеңес соңында облыстағы этносаралық татулықты нығайтуға, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге және қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген бірқатар азаматтар  “Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл” мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу