Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі. Осы жылдың 25 қыркүйегінде Astana Hub алаңында «QazIndustry» АҚ ұйымдастыруымен ҚРӨнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен Demo Day іс-шарасы өткізілді. Шара барысында 2025–2026 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасы бекітілді.
Жол картасы өз нәтижелерін қазірдің өзінде көрсетіп келеді. Мысалы, Allur компаниялар тобына кіретін «СарыарқаАвтоПром» автомобиль зауытында қауіпсіздік оқиғаларына жедел әрекет ету орталығы форматында пилоттық ЖИ-жобасы іске қосылды. Заманауи интеллектуалды платформа камералар, датчиктер және IT-жүйелерден келіп түсетін деректерді талдай отырып, өндірістік тәуекелдерді, апаттық жағдайларды, жабдық жұмысының ауытқуларын жедел анықтап, тіркеуге мүмкіндік береді әрі оларды дереу жоюға жағдай жасайды.
«Жасанды интеллект деректерді нақты уақытта өңдейді. Қызметкерлердің іс-әрекетінен немесе механизмдердің жұмысынан ауытқу байқалса, жүйе бірден дабыл жібереді әрі тиісті әрекет ету рәсімін іске қосады», – деп түсіндірді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.
Сонымен қатар, зауытта 24-тен астам өндірістік робот қолданылады. Олар автокөліктерге арналған кузовтардың жинау, бояу, дәнекерлеу және дайындау жұмыстарына көмек көрсетеді.
Жол картасы 11 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында жасанды интеллектті енгізуге арналған 41 жобаны қамтиды. Технологиялар қатарына компьютерлік көру, болжамды аналитика, робототехника, пилотсыз көліктер, сандық егіздер, Big Data және генеративті ЖИ көмекшілері кіреді. Мұндай кең ауқымды бағыттар кәсіпорындардың өнімділігін, қауіпсіздігін және инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған цифрлық трансформацияға стратегиялық көзқарасты көрсетеді.
