Ол туралы қала әкімдігінде өткен «SMART АRQALYQ» дөңгелек үстелінде айтылды. Іс-шараға облыстық ақпараттық технологиялар, мемлекеттік қызметтер және мұрағат басқармасының басшысы Азамат Кашиев арнайы қатысып, қаланың цифрландыру жұмыстарын және «Ақылды қала» жүйесіне көшу перспективаларын талқылады.

«Арқалық көркейіп келеді. Алдағы жылы қаладағы «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ ғимараттарына да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сырты қапталатын болады», – деді басқарма басшысы Азамат Кашиев.
Қала әкімінің орынбасары Абзал Қамбарұлы қалада жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация жобаларына егжей-тегжейлі шолу жасады. Ол цифрландыру мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартатынын, қалалық басқаруды жеңілдететінін атап өтті.

«Арқалық қаласының толыққанды «Ақылды қала» мәртебесіне жетуіне мүмкіндік беретін кешенді бағдарламаны кезең-кезеңмен жүзеге асады. Биыл қалада жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернетті енгізу процестері басталды. Желілік қосылым 2026 жылы жүзеге асады», – деді қала әкімінің орынбасары.


Орынбасардың айтуынша, коммуналдық төлемдерді жеңілдету үшін бірыңғай интеграцияланған мобильді қосымша жасалмақ. Сарапшылар мұндай платформа тұрғындарға су, жылу, электр энергиясы және басқа да коммуналдық қызметтер үшін бір жерде төлеуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет көрсету жылдамдығын айтарлықтай жақсарта түседі деген сөз.

Көшелерде ғана емес, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерде қосымша бейнебақылау камераларын орнатылады. Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және қылмыстың алдын алуға бағытталған. Көше жарықтандыруын автоматтандыру, энергия тиімділігін арттыру және қаланың кейбір процестерін цифрландыру бойынша ұсыныстар да қарастырылды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
