Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қостанай облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бірінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Атап айтқанда, «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Қарабұтақ» автомобиль жолының 234–385 шақырым аралығы, яғни Ақтөбе облысының шекарасынан Денисовка елді мекеніне дейінгі учаскеде барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды.
Шектеу қолайсыз метеорологиялық жағдайларға — қарлы боран, жолдың көктайғақ болуына байланысты енгізілген. Бұл шара жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.
«Қазіргі уақытта республикалық жолдарды күтіп-ұстау және қауіпсіз жағдайға келтіру үшін арнайы жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жалпы республика бойынша сегіз жүзден астамарнайы техника жұмылдырылған. Қостанай облысында да жолдарды тазалау, қардан аршу және құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ.
Жол қозғалысына қатысушыларға алыс сапарларға шықпас бұрын жол жағдайы туралы ресми ақпарат көздерін қадағалап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес беріледі. Қозғалыс шектеуі ауа райы жақсарғаннан кейін алынып тасталатын болады.
