Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің негізін қалаушы, академик Зұлхарнай Алдамжардың құрметіне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Азия ғалымдарының басын қосқан ашық диалог алаңына айналды.
Мәселен іс-шараның тең ұйымдастырушысының бірі – Малайзияның Халықаралық мәдени-коммуникациялық орталығы.

Конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген Жасанды интеллект мәселесі талқыланды. Президент өз Жолдауында:
«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде», – деген еді.
Халықаралық жиынның тұсаукесерінде З.Алдамжаров атандағы Қостанай әлеуметтік университетінің президенті Бибігүл Зұлхарнайқызы спикер ретінде Малайзияның Халықаралық ислам университеті мен Политехникалық университеті, Индонезияның Джакарта мемлекеттік университеті , Өскемен Қазақстан-Американдық Еркін университеті , Астанадағы Назарбаев Университеті жанындағы Зияткерлік жүйелер және жасанды интеллект институты қатысып отырғанын атап өтті.

«Бұл күннің біз үшін маңызы зор. Өңірдің жоғарғы біліміне айтарлықтай үлес қосқан тұлғаны еске алуға жиналып отырмыз. Ол кісінің аты ғылым саласында алтын әріппен жазылып, қалдырған ізі суымай жалғаса береді деп ойлаймын. Бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – жасанды интеллекті, цифрлық жүйе ел экономикасының қазіргі көрсеткіші мен жетістігін айғақтайды. Күнделікті өмірімізге, әсіресе, білім, қызмет көрсету салаларында қолданыла бастағаны мәртебеміздің биіктегенін білдіреді. Сол себепті халықаралық ықпалдастық жаһандық сипатта маңызды рөл атқарады. Осы жылы біз жаңа деңгейге көтерілдік. Осы жиынға қатасып отырған еліміздің әйгілі эсперттері мен Малайзия, Индонезия өкілдерімен қатар Ресейдің ғалымдары осы жетістігімізге куә отыр. Баршаңызға жемісті жұмыс, танымдық пікір, шабыт тілеймін», – деді Бибігүл Зұлхарнайқызы.
ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы Ақынқали Дәрменовтің мына бір жаңалығы осы бір тұста кәсіби ғылым мен заң тәлімінің ұштасуына серпін бере түсті.

«Бүгінгі жиын қоғамның жедел дамып жатқан өзекті саласына бағытталады. Осы диалог алаңы арқылы жан-жақтан ғалымдардың басын қосып отырғаны қуантады. Бұл қадам әлемде интллектуалды технологияның ілгерлеуіне сеп болары анық. Осы жерде ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы мен Қостанай әлеуметтік техникалық университеті келісімге келгенін хабарлағым келеді. Екі білім ордасы бірігіп қабілетті кадр даярлауға мүмкіндік алып отыр. Оқуын аяқтаған студент техникалық әрі заңгерлік мамандық қатар ала алатын болады. Осылайша киберқылмыстың азаюының барынша алдын ала аламыз, – деді ҚР ІІМ Қостанай академиясының бастығы Ақынқали Дәрменов.

Дөңгелек үстел басында жасанды интеллектің әлемді цифрландыруға шақырып тұрғаны баса айтылды. Бұл туралы қоғамда әртүрлі көзқарас болуы мүмкін десті қатысушылар. Қалай десек те цифландыру бағытын әлем ұстанып отыр.

«Осы бағытта маман даярлауға әзірленуіміз керек. Ол жөнінде Мемлекет басшысы бірнеше рет айтып өтті. Білім жүйесін керемет, тың жаңалықтар күтіп тұр. Әр саланың мамандары қосымша осы қағиданы есте сақтауы қажет. Білім мен ғылым жаңа стратегиялық бағытқа қадам басты», – деді университет ректоры Русалан Абдуллин.

Жастар жағы Мемлекет басшысының:
«Біз жасанды интеллектінің әлеуетін толық пайдалана алатын елге айналуымыз қажет»,
– деген ұстанымын алға тартты.
«Жоғары технологиялық өнеркәсіп секторы – еліміздің және өңірлердің экономикалық кеңістігіндегі жүйе құраушы қызметтердің бірі болып қала береді. Себебі инновациялық белсенділік деңгейін айқындайтын сала. Өндірістік әлеует, экономиканың даму деңгейі және елдің әлеуметтік тұрақтылығы тікелей осы секторға байланысты», – деді университеттің пж докторы Рүстем Бейішов.
Жасанды интеллектінің негізгі қасиеті мен артықшылығы – технологиялық операциялардың орындалу кезектілігі туралы шешімді өз бетінше қабылдау қабілеті. Ақпараттық және өндірістік технологияларды интеграциялау өндірістің жаңа деңгейін қалыптастырып, оны цифрлық өндіріске айналдырады. Жылдамдық пен дәлдік, адам еңбегін жеңілдету, үлкен мәліметтермен жұмыс істеу мүмкіндігін ашады.
Сәйкесінше, қазіргі заманғы өндірістің негізін робототехника, көп координатты сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктар, үш өлшемді графика пакеттері сияқты технологиялық жетістіктер құрайды.
«Біздің облыс инвесторлар мен IT-компаниялардың назарын өзіне аудаған және инновациялар саласында жетекші өңірлердің біріне айналып келе жатқан аймақ. Жалпы Қостанай облысы – жасанды интелекті кеңінен белсенді қолданып жатқан өңірлердің бірі. Мұнда индустриялық аймақ табысты жұмыс істейді. Инвесторлар өз жобаларын қолайлы жағдайда дамытуға мүмкіндік беретін дайын инфрақұрылым жасалған. KIA Qazaqstan автомобилін шығаратын зауытты, «KamLitKZ» ЖШС және «Аллюр» автомобиль зауытында қарқынды жұмыс жасап жатқанын білеміз. Бұл зауыттар толық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қатар жасанды интелекті кеңінен пайдаланып жатқан жұмыс орындары. Біздің университетте осы ірі зауыт орталықтарымен тығыз байланыста», – деді жас ғалым.
Басты ортақ жасалған жобаларға тоқтала кетті. Мысалы 2025 жылдың сәуір айында Қостанай «KamLitKZ» ЖШС базасында академик Зұлкарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің «техникалық ғылымдар» кафедрасының филиалы ашылды.
Бұл кафедраның мақсаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және танымал ету, «жауапты азамат – адал еңбек – лайықты жетістік» қағидаты негізінде еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілету, техникалық білім беру жүйесін жаңа бағытқа шығару.

Академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті мен «Аллюр компаниялар тобы» арасында 2014 жылы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, оның негізінде оқу орын студенттері практиканың барлық түрлерінен өтуге, дуальды оқыту элементтерімен білім алуға мүмкіндік алды. Профессорлық-оқытушылық құрам кәсіби мамандармен бірлесіп тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырып жүр.

Allur автомобиль зауытында «техникалық ғылымдар» кафедрасының базасы ашылды, қазіргі уақытта өндірістен 6 оқытушы бар. Техникалық бағыттағы білім беру бағдарламалары – Электр энергетикасы, Стандарттау және сертификаттау салалар бойынша, Көлік техникасы мен технологиялары, Ақпараттық жүйелер мамандықтарының білім алушылары кәсіптік практиканың барлық түрлерінен және кәсіпорынның бейініне сәйкес пәндер бойынша практикалық сабақтардан өтеді.

Allur автомобиль компаниясы өндірісін оқшаулау басқармасының басшысы Сергей Могилатов ҚӘТУ Ғылыми кеңесінің құрамына кіреді. Университеттің барлық негізгі мәселелерін шешуге, машина жасау саласындағы жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге атсалысады.
Зауыт қызметкерлері жыл сайын Кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Кәсіпорын оқу жоспарларын, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және келісуге қатысады. Қазіргі таңда Ғылыми мақалалар мен патенттер бірлесіп әзірленеді.
Жас ғалым болашақта әліде жоғарыда аталған ұйымдармен қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынына сенімді.
Жасанды интелект дамудың басты кілті. Оны білім-ғылым және технология мен өндірісте тиімді әрі қауіпсіз пайдалану қазіргі қоғамның ортақ міндеті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
