Сенат депутаты Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде болып, қаланың бірқатар жаңа нысандарын аралады.
Соңғы жылдары Арқалық қаласы инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды ретке келтіру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі түрде дамып келеді.

Қалада тұрғындардың өмір сапасын арттыруға арналған өміршең жобалар жүзеге асуда.

Білім мен денсаулық сақтау салалары нығайып, мәдениет пен спорт инфрақұрылымы жаңаруда. Мемлекеттің қолдауы мен елдің бірлігі арқасында қаланың әлеуеті артып, өңірдің экономикалық және рухани дамуы жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Білімнің қара шаңырағындағы кездесу елдің жоғары білім жүйесінің болашағына бағытталған маңызды тақырыпқа арналды.

Кездесуде сөйлеген сөзінде қала әкімі Әмірхан Асанов:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан университеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі» жөніндегі стратегиялық бағыты – халқымыздың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға арналған маңызды бағдар. Президентіміз атап өткендей, қазіргі жаһандану дәуірінде университеттер тек білім беретін орын ғана емес, ғылымның, инновацияның, жаңа технологиялардың орталығына айналуы тиіс. Әрбір жоғары оқу орны халықаралық стандарттарға сай болуға, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын сапалы кадрлар дайындауға міндетті. Осы тұрғыда «Алтынсарин университетінің» ұстанымы мен даму бағыты – Президент бастамаларын іске асыру жолындағы маңызды қадам екені анық», – деп атап өтті.
Ел сенімін арқалап жүрген мемлекет қайраткері университет қабырғасында өткен кездесуде елімізде білім саласын дамыту, аймақтық университеттердің әлеуетін күшейту, жастарды қолдау мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөлініп отырғанын алға тартты. Сондай – ақ, ҚР жоғары білім және ғылым министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, кездесуді жүргізген университет проректоры Аслан Тұрлыбек Торғай өңірінің білім саласындағы тарихи миссиясы ерекше екенін, бұл өңірден қазақ ағартушылығының негізін қалаған бірегей тұлғалар шыққанын, бүгінгі жастар да сол дәстүрді жалғап, ел дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы
