Колледж студенттерінің экоөнімін сатып алуға ниетті кәсіпорындар қазірдің өзінде табылып тұр. Алайда арнайы құрылғының жоқтығынан өнімді саудаға шығару мүмкін болмай отыр.
Қостанай жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Жаннат Контробаева – “Шекарасыз бизнес” кәсіпкерлік клубының негізін қалаушы. Жас ғалымдар Руслана Ибраева мен Александра Фельдман осы клубтың белді мүшелері. Ең алғаш жобаларын жүзеге асыру үшін клуб мүшелері колледж студенттерін қолдауға шақырып, нәтижесінде 120 келі пластик бөтелкелерін жинап алған.
– Пластиктен жасалған плиталардың артықшылығы – беріктігі мен төзімділігінде. Оны өңдеу оңай. Студенттер бәрін қолмен жасады. Нәтижесі жаман емес. Колледжде бөтелкені балқытуға арналған құрылғы бар. Бізге енді “агломератор” түйіршіктеу машинасы қажет. Ол екі міндетті қатар атқарады. Пластиктерді ерітіп, құммен араластыруға мүмкіндік береді. Сосын қалыптарымен нығыздайтын аппарат сатып алсақ дейміз. Құрылғы шамамен 5 млн теңгенің көлемінде тұрады. Экоплита жасау жобасы бойынша халықаралық байқауға қатысып жатырмыз. Жоба жеңімпаздарының жүлдесі қомақты. Қорытындысын күтіп отырмыз. Жеңімпаз атанып, қаржы ұтсақ, аталған құрылғыларды сатып алуға жұмсаймыз, – дейді жоба жетекшісі Жаннат Контробаева.
Студенттердің айтуынша, өнімді жасауда қиын ештеңе жоқ. Қоспа құрамының 90% құм, 9% полимер және 1% бояғыштан тұрады. Енді өндіріске шығару үшін құрылғылар қатары түгенделсе болғаны.
– Пластик қоқыстарды осындай мақсатқа пайдалану ұтымды әдіс деп ойлаймын. Олар қоқысқа тасталғанмен шірімейді, тек ғаламшарымызды одан бетер бүлдіре береді. Полиэтилен, пластик бөтелкелерді қайта өңдеу арқылы экоплита жасауды қолға алдық. Төзімділік жағынан өзге тастөсемдерден кем түспейді. Тек барынша жетілдіру қажет. Айталық, бір плитаны жасап шығу үшін 15 дана пластик бөтелке қажет. Ал оған қосылатын қарапайым құм. Қажетінше түрлі-түсті бояуларды пайдалануға болады. Көлемі – 20*20. Сонда біздің есебімізше, 1 шаршы метрге 25 дана экоплита төселеді, – дейді студент, жоба авторларының бірі Руслана Ибраева.
Александра Фельдман экоплита өндірісін пайдалы табыс көзінен бөлек, табиғатты қоқыстан арылтудың бірден-бір жолы деп есептейді.
– Бұл жоба құрбы-құрдастарымның табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертері анық. Мысалы, 1000 шаршы метрге төселетін экоплита өндіретін болсақ, қоқысқа тасталған пластикалық ыдыстар қатарын 15 мың келіге дейін немесе 375 мың дана пластикалық бөтелкеге кемітеміз, – дейді болашақ ғалым.
Жас кәсіпкерлер тұрақты және ауыспалы шығындарды да есептеп қойған. Оған сатып алатын құрылғы құны, нысанның жалдау ақысы, жұмыскер жалақысы және басқа шығындар кіреді. Өндіріс пайдасы мен өтімділігі де болжамды есепке алынған. Плитаны 1000 теңгеден өндіріп, 1 шаршы метрін 1900 теңгеден төсейді.
Облыстағы және қаладағы “Koctkehec” ЖШС, “Саян” және “Қазанбасы” шаруа қожалығының иелері нысан алдына төсеу үшін 1 300 шаршы метрге жетерлік, жалпы құны 2 млн 470 мың теңгеге экоплита сатып алуға дайын.
Оқытушының алда студенттермен бірлесіп атқаратын жобалары жетерлік. Соның бірі – мал азығын шығару.
– Алда көптеген байқаулар тұр. Өзге студенттермен де түрлі жобаларды жүзеге асырамыз. Енді мал азығын шығаруды қолға алсақ дейміз. Түлік өсірумен айналысатындар сатып алатыны сөзсіз. Бізде “Enactus” чемпионаты өтеді, сол жарыста осы бағыт бойынша бақ сынасақ деп отырмыз. Алайда, барлық жағынан зерттеуді жүргізіп алу керек. Бір ұсақ малды алып, жаз бойына тәжірибе жүргіземіз. Азықтың қаншалықты нәтиже беретініне көз жеткізуіміз керек, – дейді көптеген жобалардың жетекшісі Жанна Контробаева.
Арнайы барғанда колледж директорының орынбасары Ирина Щербаковамен де жалпы колледж жайлы әңгімелескен едік. Оқу орнында 10 мамандық бойынша 1185 студент білім алуда. Жыл сайынғы түлектерінің кемінде 95 пайызы жұмысқа орналасып, өмірден өз орнын табады.
– Студенттер оқып жүрген кезеңнен бастап жұмыс орындарын сайлай береді. Олай дейтінім, колледж бірнеше кәсіпорындармен келісім-шарт жасасқан. Білім алушы кәсіпорындарға барып тағылымдамадан өтеді. Артынша сол жерге жұмысқа орналасады. Студенттер кәсіпорындарда бар құрылғылармен колледжде де жұмыс істейді. «Жас маман» жобасы аясында жабдықтар сатып алдық. Құрылғы студенттердің тәжірибе жүзінде жұмыс істеуіне мол мүмкіндік береді. Көптеген жобаларға қатысып, грант иеленгендер бар. Қаржысына жобаларын әрі қарай дамытады. Әдістемеліктерді жаңартып отырамыз. Материалдық базамыз да жақсы, – дейді Ирина Щербакова.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ