Қостанайлық талантты әрі еңбекқор тігінші, қолөнер шебері Қарлығаш Каканованың есімі Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Келер жылдың 27-қаңтарында Стамбул қаласында жинақтың тұсаукесері өтпек.
Қарлығаш Каканова отбасылық дәстүрді жалғастырып келе жатқан қолөнер шебері. Оның әкесі де кезінде ағаштан сан түрлі бұйым жасаған ұста болыпты.

Ал тігіншілік қабілет анасы мен нағашы әжесінен берілген. Ісмерліктің бастамасын әжесі Қатерадан үйреніпті. Кішкентайында қуыршағына арнап киім-кешек, ою тігіп қол жаттықтырған. Бүгінде ұлттық қолөнерді заман ағымына сай жаңғыртып, кәсіпке айналдырып отыр. Тапсырысқа қыз жасауын дайындап береді. Сұранысқа сәйкес қалаған дүнияңызды жасап береді. Шебердің айтуынша, соңғы жылдары қостанайлықтар қолдан жасалған жұмсақ ойыншықтар мен мектеп, балабақшаларға арналған тақырыптық жұмыстарға көбірек қызығушылық танытуда.

«Оқушыларға арнап ұлттық стильде қамзолдар мен кеудеше тігемін. Мектепішілік мәдени іс-шараларға атсалысамын. Мысалға эко сән кешіне қатысып, ескі киім-кешекті кәдеге асырдық, «екінші өмір» сыйладық. Қызым ән айтқанды жақсы көреді. Вокал байқауларына қатысып жүр. Баламның сахналық костюмдерін өзім тігіп беремін. Тігіншілік көздің майын тауысатын, төзім мен ыждағаттылықты талап ететін кәсіп. Оның қиындығын еңсере білген адам жақсы нәтижеге жетеді. Менің қол жеткізген табысымның артында ұжымдық еңбек, отбасымның қолдауы тұр. Көбінесе анам Ғалия жәрдемдеседі. Ал күйеуім қажетті материалдар әкелуге, көрпе пішуге көмектеседі. Қызым да қолғанат. Жұмыс барысын бейне үзікке түсіріп, жан-жақтан демеп отырады. Ательедегі әріптестерімнің де қызметі зор, – деді ол.
Коронавирус инфекциясы бүкіл әлемге тарап, жұмыс орындары оқшаулану режиміне көшкенде Қарлығаш Каканова ательесін жауып, үйде жұмыс істеді. Бала күтіміне байланыста демалыста отырған уақытын да бос өткізген жоқ. Бойдағы қабілетті тұншықтырмай, керісінше шеберлігін шыңдады. Баласы өскен соң ательедегі қызметін іліп әкетті.

Оның қолынан шыққан бұйымдар ерекше әдемі. Тігісі жатық, ою-өрнегі келісті. Ол қолөнер кәсіптен бөлек шығармашылық көзқараспен қарайды. Сол себепті байқауларға қатысып, бағын сынап көргенді жақсы көреді. Ондай жерде адамның дүниетанымы кеңейеді, біліктілігі артады. Өзі сияқты тігіншілерден тәжірибе алмасады. Білсем, көрсем деген құмарлықпен осы жылдың шілде айында Астана қаласында өткен ауқымды фестивальге тап болды. Сол кезде Қазақстанның аймақтарынан барлығы 1000 тігінші жиналды. Қостанайдан 12 адам барды. Қарлығаш Каканованың авторлық бұйымдары елорда төрінде жоғары бағаланып, UNESCO қолдауымен Global Best of тізілімінде рекордтық топтамаға енді. Азия мен Африканың Дүниежүзілік рекордтар кітабында ресми түрде тіркелді. Еңбекқорлығы мен шеберлігінің арқасында бірден екі беделді естелік медальмен марапатталды. Бұл үлкен жетістік, зор мақтаныш.

«Фестивальде біз бәрін тіктік. Қазақтың қолөнерін жан-жақты көрсетуге, дүниежүзіне танытуға тырыстық. Ата-бабамыз ұлы халық қой. Оюмен ой айтқан ел. Оның сырын әлемге паш ету перзенттік парызымыз. Үлкен жиындарға қатысып, ұлттық мұрамызды насихаттағанды құп көремін. Жуырда тағы да көлемді іс-шара өткелі жатыр. Оған да барып көргім келеді. Ісмерлік, тігіншіліктің қыр-сырын ательедегі қыздарға, өзімнің балама да үйретіп жүрмін. Әр адам бойындағы өнерді, білімді кейінгі толқынға беру арқылы ұрпақ сабақтастығын қалыптастырады», – деді шебер.

Қарлығаш Каканова айналасына шуақ шашып жүретін жан. Оның қолынан шыққан әр бұйым адамның көңілін көтеріп, ерекше сезім сыйлайды. Қанық түс пен мағыналы ою-өрнек үйлесім тапқан әр туындысы астарлы ой қозғайды. Ұлттық болмысты аша түсетін мұндай заттар баға жетпес қазына.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді кейіпкер жолдады
