Қостанайлық дәрігер $100 мың үшін бақ сынайды: EpiQ AI ұлттық финалға жолдама алды

Қостанайлық дәрігер $100 мың үшін бақ сынайды: EpiQ AI ұлттық финалға жолдама алды

Қостанайлық дәрігер әрі EpiQ AI жобасының авторы Диана Майлыханова еліміздің үздік стартаптары бас қосатын Astana Hub Battle ұлттық финалында өңір намысын қорғайды. Байқаудың басты жүлдесі — 100 мың АҚШ доллары.

Диана Майлыханова Qostanai Hub қолдауымен өткен Startup Orda 2.0 байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанып, ұлттық финалға жолдама алды. Байқауға барлығы 140 өтінім түскен. Алайда екі айға созылған қазақстандық және шетелдік сарапшылардың оқыту бағдарламасына небәрі 15 жоба іріктелген.

EpiQ AI — медициналық DeepTech бағытындағы инновациялық жоба. Жүйе медициналық ұйымдарға реагенттер мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті алдын ала жоспарлап, қоймадағы қорды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологиясы зерттеулердің көлемін, материалдардың жұмсалуын, қоймадағы қалдықтарды және олардың жарамдылық мерзімін сараптайды. Осы деректердің негізінде жүйе қандай тауарлардың жақын арада таусылуы мүмкін екенін алдын ала болжайды.

EpiQ AI бұнымен ғана шектелмейді. Жүйе мемлекеттік сатып алуларға, тендерлерге, лоттарға және баға өзгерістеріне қатысты деректерді де талдай алады. Нәтижесінде медицина саласының мамандарына сатып алуды тиімді ұйымдастыруға арналған оңтайлы нұсқаларды ұсынады.

Диана Майлыханованың айтуынша, жобаның басты ерекшелігі — қоймадағы қорды жай ғана есептеп қою емес, тауар тапшылығы немесе керісінше, артық қор жиналу қаупін алдын ала анықтау.

«Қазақстанда медицина саласында бәсекеге қабілетті DeepTech өнімдерін жасауға болады. EpiQ AI арқылы отандық әзірлемелердің Еуропа мен АҚШ-тағы заманауи шешімдермен деңгейлес бола алатынын көрсеткім келеді», — дейді жоба авторы.

Енді қостанайлық дәрігердің инновациялық жобасы Astana Hub Battle ұлттық финалында сынға түседі. Бұл — өңірлік стартап үшін ғана емес, Қазақстандағы медициналық технологиялардың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсететін маңызды қадам.