Қостанайлық бойжеткенді 250 мың теңгеге сатқан күдікті ұсталды

Қостанайлық бойжеткенді 250 мың теңгеге сатқан күдікті ұсталды

Петропавл қаласында адам саудасымен және оларды пайдаланумен айналысқан Ақмола облысының тумасы қолға түсті. Ол қостанайлық 19 жастағы қызды 250 мың теңгеге сатқан.

BAQ.KZ  порталының ақпаратынша, бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов ведомствоның апталық баспасөз мәслихатында мәлімдеген.

Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктінің интернет және әлеуметтік желілер арқылы материалдық жағдайы ауыр қыздарды, оның ішінде қолайсыз және толық емес отбасылардан шыққан кәмелетке толмағандарды іздеумен айналысқаны анықталды. Осыдан кейін олар қылмыстық мақсаттарын жүзеге асыру үшін қыздармен танысып, жұмыс іздеуге көмек көрсету сылтауымен алдау және сенімін пайдалану арқылы Петропавл қаласына шақырады, – деді департамент басшысы.

Белгілі болғандай, қыздар шақырылған жерге келгеннен кейін оларға психологиялық қысым жасап, қорқытып, күштеп зорлық-зомбылық көрсетіп, жыныстық қанау мен саудаға пайдаланған.

Аталған схема бойынша күдікті Қостанай қаласының 19 жастағы бойжеткен тұрғынын жалдап, оны одан әрі қаладағы сауналар мен қонақ үйлерде жыныстық пайдалану үшін 250 мың теңгеге сатты. Бұл факт ҚК-нің 128-бабы 1-бөлігі (Адам саудасы) бойынша тіркеуге алынды. Қажетті көмек көрсету үшін жәбірленуші баспанаға орналастырылды, – деп атап өтті Қанат Нұрмағамбетов.

Жаңалықтармен бөлісу