Қостанай қаласы аумағында интернет алаяқтығына қатысты қылмыстық деректер 160-тан 122-ге дейін төмендеген.
Қалалық ПБ бастығының орынбасары Марат Сахратовтың мәліметінше, алдын алуға бағытталған іс-шаралар әзірленуде.
– Талдау көрсеткішіне сүйенсек, қылмысты жасау тәсілдерінің ең көп тараған түрі интернет-хабарландыру бойынша жоқ тауар үшін алдын ала төлем алу дерегі. Сондай 44 дерек тіркелді, – деді Марат Сахратов.
Айтуынша, қарапайым халықты алдап соғудың жолын жақсы меңгергендер өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып қоңырау шалады екен.
– Көбіне қала тұрғындары онлайн қарыз рәсімдеу арқылы жасалатын тәсілден опық жеп қалады. Банк қызметкері болып хабарласқандардың шырмауына іліккендердің 11 жағдайы тіркелді. 23 адам онлайн қарыз рәсімдеген, – деді Марат Сахратов.
Бүгінде 34 іс сотқа жіберіліп, бір іс шығынның өтеліп, тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.
– Қылмыстық схеманы ұйымдастырған бір адам ұсталды. Ұсталған адамнан 11 банк картасы, 18 ұялы телефон тәркіленді. Тергеу барысында алты банк шоты бұғатталды, – деді ол.
Қала әкімі Марат Жүндібаев әлі де болса тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек екненін айтты.
– Қоғамда бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Көбіне үлкен кісілер алданып қалатын еді, қазіргі көрсеткішке қарасам көзі ашық жас буынның өзі алаяқтардың шырмауына жиі ілігеді. Ақпараттандыру жұмыстарын көбейту керек. БАҚ беттерінде жарияланып, көрсету өз алдына, халық көп жүретін жерлерді де ескерген жөн. Қоғамдық көліктерге сақтандыру хабарламаларын ілу керек, – деді шаһар басшысы.