Облыс орталығында саябақтар мен шағын алаңдарды, бульварларды абаттандыру, көгалдандыру ісі қарқын алды.
Қалада негізгі төрт саябақ бар. Олар орталық алаң (аумағы 6 гектарды алып жатыр), Жеңіс саябағы (ауданы 8,8 га), «Ұлы дала» саябағы (ауданы 11га) және Триатлон саябағы (ауданы 39 гектар).
Соңғы жылдары жүзеге асқан ең ауқымды жобалардың бірі – Триатлон саябағы. 39 гектар жерді алып жатқан демалыс аймағын абаттандыру 2020 жылы басталған. Бүгінде 16 спорттық және балалар алаңы орнатылды. Ол жерде футбол, баскетбол, волейбол ойнауға болады. 38 жаттығу жабдығы бар. Құрылғылар қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы.
«Саябақта жарықтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр. 45 шақырымдық автоматтандырылған суару жүйесімен қамтылған. Бейнебақылау жүргізіледі. Дыбыстық жүйелермен жабдықталған. 50 мың шаршы метрге тас төсем төселіп, кіре беріс жолы салынды. 300 көлікке арналған тұрақ жасалды»,-дейді қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәурен Асқаров.
Сондай-ақ саябақтың Фролов көшесінен кіре беріс тұсын абаттандыруды биыл аяқтап, субұрқақты жабдықтау жоспарлануда. Жергілікті билік былтыр «Шағала» жағалауын Триатлон саябағымен байланыстырған еді. Орталық көпірдің астына жағалаудың екі жағын қосатын жаяу жүргіншілерге арналған шағын көпір салды. Осылайша өткелдің ұзындығын 900 метрден 2,5 шақырымға дейін ұлғайтты. Өткен екі жыл ішінде облыс орталығында бір саябақ пен төрт шағын демалыс алаңы жасақталды. Жаңа саябақ А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің аумағында орналасқан. Төрт шағын алаң теміржол вокзалы алдындағы Темірбаев көшесінде, Арыстанбеков көшесінде, орталықтағы М.Дулатов көшесінде және Қонай шағын ауданында. Шағын саябақтардың бәрінде орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған. Көшеттер мен гүлдер жайқалып өсіп тұр. Жаяу жүргіншілер жолақтары бар. Алаңдар тартан төсеніштерімен қапталған. Қонайдағы демалыс аймағына осы жылы кәсіби спорттық алаң мен заманауи балалар ойын алаңы орнатылмақшы.
«Әуежай шағын ауданындағы «Керуен» саябағын абаттандыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Алдымен «Тәрелке» көлі тазартылып, түбіндегі табиғи көздер ашылды. Жағалауын көгалдандыруға, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнатуға, жарық шамдарын жаңартуға, кіреберіс арканың шамдарын ауыстыруға көңіл бөлінді. Көлге екі аққу жіберілді. Биыл ол жерге заманауи балалар алаңын орнатамыз», – деді бөлім басшысы.
Тәуелсіздік – Қасымханов көшелерінің қиылысындағы соны үлгідегі саябақ та көрген жанның көзін қызықтыратын көркем мекен. Тобыл жағасындағы 11 гектар жерді алып жатқан «Ұлы дала» саябағы қандай керемет. Ол маңайды абаттандыру шаруасы 2016 жылы басталды. Үш жылдан бері жасыл желекті автоматты суару жүйесі іске қосылды. Сол-ақ екен саябақтың айналасы гүлге оранып шыға келді.

Алдағы уақытта қаржыландыру мәселесі шешімін тапса орталық сквердегі 11 аттракционды жаңарту жоспарлануда. Осы жылы «Жастар» бульварында жаңадан балалар алаңы салынбақшы. «Мирас» мәдениет үйінің іргелес аумағын абаттандыру үшін конкурс жарияланды. Екі жылдық жоба ойдағыдай іске асырылса мәдениет үйінің маңайы жаңа кейіпке енбек.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
