Қостанайда жас ғалымның алаш қайраткеріне арналған кітабы таныстырылды

Қостанайда жас ғалымның алаш қайраткеріне арналған кітабы таныстырылды

Облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде қазақ халқының көрнекті қайраткері, «Алаш» партиясының мүшесі, ғалым және қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі – Ғазымбек Бірімжанның өмірі мен қызметіне арналған тағылымды іс-шара өтті.

Жиында жас ғалым, тарихшы әрі жазушы Данияр Ихсанның «Қазақтың ер Едігесі» атты жаңа ғылыми еңбегінің тұсаукесері ұйымдастырылды.

Бұл кітап – қазақ ұлтының азаттығы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен Ғазымбек Бірімжанның қоғамдық-саяси қызметі мен өмір жолын терең зерттеген құнды еңбек.

Өз сөзінде Данияр Ихсан:

«Ғазымбек Бірімжан өз іздеушісін ұзақ күтті. Бұл кітапта бұрын айтылмаған, жазылмаған тың деректер жинақталды. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, халқымыздың ұлы тұлғаларына деген құрметімізді арттыруға жасалған маңызды қадам», – деп атап өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, журналистер белсене қатысты.

Қатысушылар Ғазымбек Бірімжанның өмір жолы мен халқына сіңірген еңбегін кеңінен талқылап, тұлғаның тарихи маңызы туралы тың ақпараттар алды.

Музей қызметкерлері осындай іс-шаралардың жас ұрпаққа өткеннің өнегесін жеткізудегі және тарихи тұлғаларды насихаттаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, мұндай мәдени және ғылыми кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатыны жеткізілді.

Бұл тағылымды жиын жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, тарихқа деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашты.

Балауса Жүніс

Жаңалықтармен бөлісу