Қостанайда тұрмыс қалдықтарының жаңа полигоны салына ма?

Қостанайда тұрмыс қалдықтарының жаңа полигоны салына ма?

Облыс орталығындағы  коммуналдық қалдықтардың дені “Тазалық-2012” ЖШС  қарасты тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына төгіледі. Мұнда  жыл сайын 60 мың тоннадан астам қоқыс тасталады. Ал өткен жылы  соның 23,1%-і ғана  қайта өңделіп, кәдеге жаратылған.

Айта кету керек, Қостанайдағы жалпы ауданы 30,9 гектарды алып жатқан  қоқыс полигоны 90%-ке толған.  “Тазалық – 2012” ЖШС басшыларының   есебінше, бұл полигон шамамен үш-бес  жыл пайдаланылуы мүмкін. Демек, кем дегенде бес жылдан соң облыс орталығының қалдықтарын қайда орналастыру мәселесі туындауы мүмкін.

“Осы мәселені шешу үшін кәсіпорын тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигонын салуға жер телімін бөлуді сұрайды. Бұл мәселені “жасыл экономикаға” көшудің негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып, кешенді түрде шешу керек. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қостанай қаласының әкімдігі жеке инвестицияларды тарту арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу кешенін салу мәселесін пысықтауы қажет. Тек, осы тәсілмен ғана қалдықтарды орналастыру көлемін азайтуға, оларды қайта өңдеу мен қайта пайдалануды ұлғайтуға және нәтижесінде қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға, жалпы алғанда, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға болады”, – деді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Бұл мәселені өңір басшысы да қаперде ұстап отыр. Өйткені, облыс орталығындағы қоқыс тақырыбы өзекті мәселенің бірі. Қоқыс шығарумен айналысатын компанияға қостанайлықтардың айтар  шағымы көп.  Аулаларда бірнеше айлап шығарылмаған қоқыс тау боп үйіліп жатады. Оның қоршаған орта мен тұрғындарға тигізер заларын бұл жерде айтудың өзі артық.  Мұны кәсіпорын басшылығы біледі. Бірақ, үлгірмей жатқандығын айтып, ақталады. Контейнерлер бар, бірақ, қоқыс шығаратын техника жетіспейді. Құмар Ақсақалов кәсіпорын басшысы техника жағынан  көмек сұрағанын тілге тиек етті.

“Облыс әкімдігі “Тобыл” ӘКК арқылы “Тазалық-2012″ коммуналдық кәсіпорынына қоқыс таситын үш көлік пен 500 контейнер сатып алуға несие береді. Ал ЖШС мәселені түбегейлі шешу үшін  100% тазалалықты қамтамасыз етуі керек. Мұндай жұмысты Рудныйда да  жүргізу керек. Егер кәсіпорын несие ресурстарын алуға, қосымша техника, контейнерлер сатып алуға дайын болса, онда біз бұл ақшаны береміз”,  –  деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу