Биыл екі мектептің құрылысы басталады

Биыл екі мектептің құрылысы басталады

Биыл облыста  “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасының шеңберінде 6300 орындық сегіз мектеп салу жоспарланып отыр.  Жобаға 38 млрд теңге жұмсалмақ. Өткен жылы биыл тапсырылатын 4500 орындық алты білім ошағын жобалау мен салу үшін  кешенді шарттар жасалған еді.

Қазір барлық нысанда жұмыс басталды. Арқалық, Заречный және  Құсмұрындағы мектептердің құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталуға тиіс. Қостанайдағы “Береке”  және “Әуежай” шағын аудандарында, Рудный қаласындағы білім ошақтары жыл аяғында пайдалануға берілмек.

“Биыл тағы 1800 орындық екі мектептің құрылысын бастаймыз.  “Қонай” шағын ауданында 600 орындық, Тобыл қаласында 1200 орындық мектеп бой көтереді. Оны келесі жылы аяқтауды көздеп отырмыз.  Жер учаскелері анықталды. Қала, аудан  әкімдері “Samruk-Kazyna Construction” АҚ  тапсырыс берушісінің өкілдерімен мектеп құрылысына арналған учаскелердің конфигурациясы мен алаңын пысықтауы қажет. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу қалалар мен аудандардың әкімдеріне жүктелді. Бұл жұмысты әкімдіктер ерекше бақылауға алып, 1 тамызға дейін пайдалануға беруге тырысу керек”, –деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.

Айтпақшы, кеңес барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде  құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау күшейтілетіндігін айтты.  Енді кез келген құрылысты жобалау барысында  бақыланады. Бұған арнайы  мамандар мен қоғам мүшелерін  тарту керек, – деп атап өтті облыс басшысы.

“Жобалық-құндық құжаттардың бәрі интернетте ашық,  қол жетімді. Бірақ, оларды  тек сарапшылар ғана түсінеді.  Жұртшылық біліп отыруы үшін қандай құрылыс материалдары пайдаланылатынын анық  көрсету қажет. Мәселен, қанша тонна цемент, оның қайдан шыққаны, тақтайдың қалыңдығы және шатыр материалы деген сияқты… Мұның бәрін үлкейтіп жазып, қандай да бір нысан паспортының жанына іліп  қою керек. Стендт қарапайым жұртшылыққа,  қоғам  мүшелеріне  түсінікті етіп жазылуы тиіс.  Біз кейбір  құрылыс компаниясы материалдарды үнемдейтінін білеміз. Әрине, техникалық қадағалау сол жерде жұмыс істейді. Оның үстіне  қоғам мүшелерін  кеңінен тарту тек пайда әкеледі деп есептеймін. Бұл  құрылыс жұмыстарының сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін”, – дейді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі Қостанай мен Рудныйдағы нүктелік құрылысқа шектеу қою керектігін  ескертті. Яғни, жеке секторда  қаптатып құрылыс салудың қажеті жоқ. Бұл инженерлік – коммуникациялардың, көліктің және т.б. шамадан тыс жүктемесіне  әкеледі деді  өңір басшысы.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу