Қостанайда “Таза Қазақстан” бағдарламасын ілгерілету жөнінде кеңес өтті

Қостанайда “Таза Қазақстан” бағдарламасын ілгерілету жөнінде кеңес өтті

«Таза Қазақстан» – сөзден іске, өзгеріске бастаушы бағдарлама. Тұтас елді қамтитын ауқымды жоба жыл ішінде қаншалық жемісін берді? Ілгерілете түсу үшін биыл қандай жоспарлар жүйеленіп отыр? Қостанайда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кеңесте осы сұрақтарға жауап ізделді.

Президент бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” жобасы сенбіліктер өткізумен, коммуналдық қызметтің жоспарлы іс-шараларымен шектелмейді. Бұл – табиғат дүниесін аялуға, елді мекендерді көркейтуге, жан-жақты дамытуға, адамдар еңбегіне құрмет көрсету және болашаққа таза да қауіпсіз Отанды аманаттауға бағытталған ауқымды бағдарлама. Мұның аясында Тобыл-Торғай өңірінде алғашқы жылдан-ақ атқарылған жұмыстар көп. Жобаны жалғастыруға да ерекше екпін салынғалы отыр. Осылай деді өңір басшысы кіріспе сөзінде.

            «Экологиялық сауаттылық – еліміз ұстанған саясаттардың негізгі бағыттардың бірі. Қоршаған ортаға күтіммен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – алдымызда тұрған міндет. Мемлекет басшысы мұны әр азамат пен халқымыздың күнделікті өмір салтына айналуы керегін айтқан еді. “Таза Қазақстан” облысымызда кешенді іске асырылып жатыр. Елді мекендерді абаттандырып, сәулеттік келбетін жақсарту, қараусыз қалған ғимараттар мен үй-жайларды реставрациялау, қалпына келтіру шаруасына былтыр кірістік. Биыл бұл мақсатқа 16,8 млрд теңге көзделген. Өсім – 50 пайыз”, – дейді облыс әкімі.

Былтыр облыста 327 қоғамдық нысан, атап айтқанда, саябақтар мен скверлер абаттандырылған. 148 мың жасыл желек егілді. 16 мыңнан астам шам, 5,5 мың баған орнатылды. 174 елді мекенде 670 көше жарықтандырылды. Елді мекендердің сәулеттік келбетін жаңарту жоспары аясында ескі ғимараттар жаңа баспанаға айналып, ел игілігіне беріле бастаған.

            “Бір ғана Рудныйда инвесторлар есебінен 11 үй қалпына келтіріліп, 500-ге жуық отбасыға табыс етілді. Кеншілер қаласында иесі жоқ тағы жеті нысан тұрғын үйге айналмақ. Ал Арқалық қаласында бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасы ғимаратын Ы.Алтынсарин педагогикалық университетінің оқу корпусына айналдыру, сондай-ақ ескі әуежайды қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз”, – деп толықтырды Құмар Ақсақалов.

Бұдан соң 2024 жылғы жұмыс қорытындысы мен осы жылға құрылып отырған жоспарлар туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов кең көлемде баяндап берді. Оның ақпаратына сүйенсек, былтыр өңірді абаттандыруға 11,4 млрд теңге бөлініп, бағдарламаға ұзын саны үш мыңдай адам қатысқан.

            «354 санкцияланбаған қоқыс төгу орны жойылды. 500 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды, – деп, баяндамасын елді мекендер тазалығынан бастады ол. – Биыл 1210 көше жарықтандырылады. Көп пәтерлі үйлердің, әлеуметтік нысандардың қасбеттері жаңартылады.  Осы тұста аудан-қала басшыларын бөлінген қаржыны рационалды түрде шақырар едік. Көнетоз, иесіз, жрамсыз нысандарды бұзу жұмыстары да жалғасады. Былтыр мұндай 362 ғимарат жермен-жексен етілсе, биыл 500 нысанды сүріп тастау көзделіп отыр. Сондай-ақ өңірде 165 мың көшет егіледі».

Ол өткен жылы облыста 88 балалар ойын алаңы салынғанын, биыл олардың қатарына тағы 135 алаң қосылатынын да айтты. Оның үстіне, 17 саябақ пен сквер абаттандырылады. Жалпы қолданыстағы және елді мекендер көшелерінің 1030 шақырым жолы жөнделеді. Ауыл-аймақтарда жалпы ұзындығы 90 шақырымдық қоршаулар орнатылмақ. Осы іспетті ірілі-ұсақты жоспарлардан бөлек, көлденең мәселелер, ескертпе-ұсыныстар да айтылмай қалмады.

            «Құрылыс компаниялары санитарлық және экологиялық нормаларды қаперден тыс қалдырмауы керек. Мысалы, қалалық инфрақұрылымның жолдарын бүлдіру, ластауды тыюлары шарт. Мұндай деректер тыйылмай келеді. Сондықтан жауапты органдарға тиісті міндеттемелер жүктелуі деп есептейміз. Бұдан бөлек,белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға айыппұл төлету де қатаң, қағидалы түрде қолданылуы қажет. Бұл да қасақана ереже бұзушылықты мәжбүрлі түрде тоқтатуға ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді Б.Таңжарықов.

«Тазалық жиналған жерде емес, шашылмаған жерде». Ол осы ұстаным бойынша, бағдарлама аясында іске асатын жоспарлы жұмыстар туралы халықты ақпараттандыру барлық деңгейдегі әкімдіктерге міндеттелуі керек екенін айтады. Әсіресе, «Таза Қазақстан» идеясы тәлім-тәрбие көзі ретінде жас ұрпақ арасында кең насихатталғаны жөн.

Бұдан соң «Таза Қазақстан» бағдарламасының жекелеген елді мекендерде жүзеге асу барысына ден қойылды. Мәселен, биыл құрылғанына 70 жыл толғалы отырған Қамысты ауданында жоба шеңберінде атқарылған жұмыстар жетерлік. Былтыр аудан ауылдарын абаттандыруға 1,720 млрд теңге тартылған. Жол жөнделіп, көше жарықтандырылып, елді мекендерді ажары енгізілген. Ал биыл қарастырылып отырған қаржы 2 млрд теңгеден асып түседі.

            «…Бағдарлама аясындағы басқа жұмыстарды былай қойғанда, тұрмысы төмен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, ауылдарға жас мамандарды тартуға ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы екі жылда кәсіпкерлермен бірлесіп үй салу, ескі нысандарды баспанаға лайықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр кәсіпкерлер жеті тұрғын үй тұрғызып, екі жеке баспананы қалыпқа келтірді. Бюджет есебінен көп пәтерлі үш үй жаңартылды. Жалпы алғанда, 48 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал биыл Қамысты ауылында 12 тұрғын үйі бар жаңа көше салу жоспарланып отыр», – дейді аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев.

  1989 жылдан бері ешқандай құрылыс жүргізілмегенін ескерсек, бұны ауыз толтырып айтарлық жаңалық  деуге болады. Жеке инвестициялар есебінен тағы төрт үй жергілікті тұрғындар мен жас мамандарға тарту етілмек. Бұдан бөлек, ауданға қарасты «Алтынсарин» ЖШС-інде қызметкерлер үшін жатақхана салу көзделеді. Ал аудан көлемінде былтыр тозығы жеткен 32 үй бұзылса, биыл жетпістен астам жарамсыз нысан сүріледі. Сондай-ақ биылғы жобалар жүзеге асса, Қамыста ауданының барлық ауылы балалар алаңымен толықтай қамтылатынын та айта кетейік…

Қамыстының сыртында, Қостанай ауданының Жуков ауылы, Жітіқара ауданының Чайковский және Ұзынкөл ауданына қарасты Златоуст ауылы басшыларының да баяндамасы тыңдалды. Олар да бағдарламаны ілгерілету аясындағы 2024 жылдың есебін беріп, жоспарларын ортаға салды.

            «Негізі, ауыл-аймақты абаттандыру бағытында жарқын үлгі бола алатын елді мекендер облысымызда жетелік. Оның көбін баршаңыз жақсы білетіндеріңізге күмәніміз жоқ. Біз бүгін «Таза Қазақстан» бағдарламасы қолға алынғалы облысымызда көзге жиі шалына бермейтін өзге ауылдарда жыл ішінде қандай шаруалар атқарылғанын көріп-білгіміз келді. Әрине, көрсеткіштер көңіл көншітеді, бірақ мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Біз бірлесіп шешетін мәселелер әлі де баршылық», – деді облыс әкімі.

Айта кету керек, кеңес барысында құқық қорғау органы мен ТЖД өкілдері және ірі кәсіпкерлер аталған бағдарламаның іске асуына ықпалдасуы, үлес қосуы жөніндегі ақпараттарын жария етті.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ  

Жаңалықтармен бөлісу