«Senat Open» 1-ші ашық кубогының іріктеу кезеңін Қазақстан Парламенті Сенаты Қазақстан Шахмат федерациясымен бірлесіп ұйымдастырып отырғанын айта кетейік.
Жарыстың ашылу салтанатында Шахмат федерациясының Президенті Тимур Турлов аталған турнирге биыл тұңғыш рет ерекше маңыз берілгенін атап өтті.
“Бұл турнирге республика бойынша 3000 адам қатысып отыр. Оған Сенат мүшелері ғана емес Үкімет өкілдері мен әр өңірдің мәслихаттары мен атқарушы, қоғам органдары ат салысып жатыр. Көп ақыл-ой алғырлықты талап ететін ойында мықтылар жеңіске жетсін. Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мырзаға, облыстардың әкімдігіне, өңірлердегі мәслихаттардың өкілдеріне алғыс білдіремін”, – деді Тимур Турлов.
Облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ещанов қатысушыларға сәттілік, жеңіс тіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали алғаш рет ұйымдастырылып жатқан турнирге ерекше баға беріп өтті.
“Бұл үлкен тарихи сәт. Шахматтан республикалық турнирдің іректеу кезеңі өткелі жатыр. Бізде осы спорт түрі жақсы қалыптасқан. Арамызда гроссмейстерлер де бар. Облыс орталығында шахмат орталығы жұмыс істейді . Бүгін, міне, жарыс нағыз шеберлердің ортасында емес, мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің арасында өтуі спорт түрінің ерекшелігін көрсетеді . Ол дегеніміз, үлкен буын кішілерге үлгі көрсетіп, одан әрі дами түседі деген сөз”, – деді Ринат Мұхаметқали.
Жарыстың бас төрешісі Аманкелді Оралбаев шахматты саяси қоғам өкілдері арасында танымал ету үшін ұйымдастырылып отырғанын айтады.
“Бұл турнирдің Қазақстан Шахмат Федерациясының атқарушы дирекциялары мен жергілікті жерлердегі өкілді билік органдары арасындағы берік байланыс нығайтуға септігі зор. Біздің облыстан жүзге жуық адам қатысып жатыр. Іріктеу турының қорытындысы бойынша үздік 25 қатысушы іріктеліп, Павлодар қаласына жолдама алады. Финалдық ойын Астана қаласында өтеді”, – дейді Аманкелді Оралбаев.
Олардың арасында кезінде әр салада қызмет атқарған зейнеткерлер де бар. Кәрімжан Ахметов Бейімбет Майлин ауданында бірнеше жыл мәслихатта жұмыс істеген. Шахматқа қызығушылығы жастайынан оянған.
“Бұл ойынның айла-тәсілдері көп. Адамның ойлауы мен жадын қалыптастыруға пайдасы мол. Жалпы шахмат ойнаған адам жаман болмайды”, – дейді ол.
Ал Ерлан Мырзабаев қарапайым күзетші. Әртүрлі аудандық жарыстарда жүлдеден көрініп жүргенімен, ауқымы кең мұндай жарыстарға алғаш рет қатысып отыр.
“Бізде шахмат ойнайтын орта қалыптасқан. Осы ойынға Кәрімжан ағамыз алып келді. Ол кісіні бірінші разрядты ойыншы деп айтуға әбден болады. Негізі шахматты әуелден ұнататынмын. Кейін жарыстарға қатыстым жеңістің ауылы көріне бастады. Облыстық, республикалық додаларда бақ сынауым алғаш рет”, – дейді ол.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсіргендер – Бердіболат Көркембаев, Лариса Божко