Қостанайда «Qostanai Tech» отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі өтіп жатыр

Қостанайда «Qostanai Tech» отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі өтіп жатыр

Ауқымды басқосу өңірдегі технологиялық дамуды насихаттауға, инновацияға қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Фестиваль барысында тек өндіріс қана емес, инновациялық даму мәселелері де кеңінен қозғалды. Технологиялық және білім беру саласындағы кәсіпкер, Оксфорд университетін тәмамдаған алғашқы қазақстандық Ғабит Бекахметов жасанды интеллект пен стартаптарды дамыту жайлы айтып берді. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

«Әлемде болып жатқан үрдістер – жасанды интеллектінің жаппай енгізілуі – ешбір саланы айналып өтпейді деп есептеймін. Бұл Қазақстанға да, оның өңірлеріне де тікелей қатысты. Менің ойымша, дәл осы саладағы даму мен оны енгізу тетіктері әр өңірде өзіндік, бірегей тәсілді талап етеді. Біз уақытты жіберіп алмай, күш-жігерімізді ел экономикасының ортақ дамуына тиімді жұмсауымыз қажет. Жалпы, жасанды интеллект – бүгінгі таңда бизнестің негізгі мақсаттарының, негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Мысалы, кей елдерде технологиялар өндірістің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл құбылысты белгілі бір деңгейде қайта өрлеу кезеңімен салыстыруға болады», – деді Ғабит Бекахметов.

Оның айтуынша, бүгінгі кезеңді жаңа технологиялық «ренессанс» дәуірімен салыстыруға болады. Өйткені жасанды интеллект бизнес пен өндірістің негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Ал алдағы жылдары бұл бағыт одан әрі қарқынды дамып, жаңа экономикалық модельдердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.

«Еуропада XVI ғасырда болған Ренессанс тек мәдени құбылыс қана емес, сонымен қатар ғылым мен технологияның дамуына үлкен серпін берген кезең еді. Қазіргі жағдай да соған ұқсас – біз жаңа технологиялық ренессанс дәуірінің алдында тұрмыз деп айтуға болады. Менің ойымша, бұл тақырып алдағы уақытта одан әрі қарқынды дамыды. Әсіресе біздің өңірлерде, біздің елдерде бұл бағыт әлі де үлкен мүмкіндіктерге ие. Бұл Қазақстанда немесе басқа елдерде бірден дайын стандарттар бар дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа стандарттар енді қалыптасуы мүмкін. Мысалы, ірі технологиялық компаниялардың өкілдері, соның ішінде Эрик Шмидт сияқты мамандар 2030-2040 жылдары әлемде жаңа экономикалық құрылымдар, жаңа корпорациялар пайда болуы мүмкін екенін айтады. Бұған мысал ретінде Детройтты алуға болады. Бір кезде бұл қалада автомобиль өндірісі дамып, Ford және GMC сияқты компаниялар қалыптасты. Сол сияқты, егер бүгінгі таңда жаңа технологиялар – мысалы, электр көліктері немесе басқа да инновациялар – белгілі бір өңірде дамыса, ол өңірдің экономикалық өсімі бірнеше есе артуы мүмкін. Сондықтан менің ойымша, инновациялар мен жаңа технологияларды дамыту қарқыны алдағы уақытта еселеп өседі», – деді спикер.

Сарапшылар пікірінше, әр өңір өз мүмкіндігін тиімді пайдалана алса, болашақта технологиялық орталыққа айналу мүмкіндігі бар. Бұл ретте инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу экономикалық өсудің басты факторына айналмақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ