«Ауыл – Ел бесігі»: Қостанай облысында ауыл өмірі қалай өзгеріп жатыр?

«Ауыл – Ел бесігі»: Қостанай облысында ауыл өмірі қалай өзгеріп жатыр?

Қостанай облысы аумағында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» ауқымды жобасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама 2019 жылдан бастап ауылдарды жаңғыртудың маңызды тетіктерінің біріне айналды.

Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Бағдарлама аясында ауылдарда мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, мәдениет үйлері, спорт нысандары салынып, күрделі жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар жолдар мен коммуналдық желілер жаңартылуда.

Соңғы жылдары ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттік саясат даму әлеуеті бар елді мекендерді қолдауға бағытталған. Қостанай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 28 тамыздағы №362 қаулысына сәйкес өңірде даму әлеуеті бар 258 ауыл анықталды. Бұл ауылдарда 258,2 мың адам тұрады, яғни облыстағы ауыл халқының шамамен 87 пайызын құрайды.

Олардың қатарында: 175,7 мың халқы бар 86 тірек ауыл; 74,5 мың адам тұратын 149 серіктес ауыл; 8 мыңға жуық халқы бар 23 стратегиялық шекаралық ауыл бар.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бүгінде 181 ауыл қамтылды. Оның ішінде 82 тірек ауыл, 88 серіктес ауыл және 11 стратегиялық шекаралық елді мекен бар. Жалпы жоба шамамен 246 мың тұрғынды қамтып отыр.

2019–2025 жылдары өңірде жалпы сомасы 57,4 млрд теңгені құрайтын 535 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 31,1 млрд теңгесі немесе 54 пайызы республикалық бюджеттен, ал 26,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді.

Бағдарламаны іске асыру жылдары әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының ондағаны салынып, жөндеуден өтті. Атап айтқанда, білім беру саласында 56 нысан, денсаулық сақтау саласында 21 нысан, мәдениет саласында 19 нысан, спорт саласында 26 нысан жаңартылды. Бұдан бөлек, коммуналдық салада 16 жоба жүзеге асырылды.

Жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдық елді мекендерде жалпы ұзындығы 488 шақырым болатын 397 жол учаскесі жөнделді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 2 800 уақытша жұмыс орны құрылды.

Биыл жоба қаражаты 2025 жылы басталған әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтауға бағытталды. Ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға да ықпал етуде.