Қостанайда ораза кезінде мұсылман жамағатқа арнайы қоғамдық көліктер қызмет көрсетеді

Қостанайда ораза кезінде мұсылман жамағатқа арнайы қоғамдық көліктер қызмет көрсетеді

Бүгінде облыста он конфессияны құрайтын 105 діни бірлестік қызмет атқарады. Олардың жиырма алтысы Ислам бағытында қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрекет етіп келеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында облыстық діни басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сапарғали Әбдиев айтып берді.

“Конфессияаралық қарым-қатынас өз деңгейінде жүргізілуде. Алдағы Рамазан айына қатысты Қазақстан діни басқармасының облыстық өкілдігімен бірлесіп іс-шаралар өткізілетін болады. Қалалық әкімдікпен мешітке жиналған жамағатты үйді-үйіне жеткізіп салатын үш автобус ұйымдастырылайын деп жатыр. Мәдени-спорттық іс-шаралар да жоспарланды”, – деп атап өтті Сапарғали Әбдиев.

Облыстық мешіттің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет алдағы ораза айындағы басты міндеттерді түсіндірді

“Баршаларыңызға белгілі болғандай биыл Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан мүфтияттары бірлесіп, ғылыми ғұламалар кеңесінің шешімімен біздің елде оразаның басталуы 11 наурыз болып бекітілді. 10 наурызда құптан намазынан кейін рамазан айында ғана оқылатын тарауих намазы басталады. Он бір жерде құранды жатқа оқитындар жамағаттың алдында оқитын болады. Қалған мешіттерде қысқа-қысқа сүрелермен жамағатқа қызмет қылады. 11 наурызда ауыз бекітіледі. Жалпы, Оразаның шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекіту шартына кедергі болатын нәрселердің барлығынан тыйылу дегенді білдіреді. 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түн қадыр түні болып бекітілді. 10 сәуір ораза айт. Биылғы оразаның ерекшелігі отыз күн ораза ұстайтын боламыз”, – деді Бахытбек қажы Нұрғабылұлы.

Бас имамның айтуынша, пітір садақа пәтуалар кеңесінің шешімімен екі келі ұнның орташа бағасымен өлшеніп отыр. Республика бойынша 640 теңгеге тоқталды.

“Ораза ұстау мұсылман болған, балиғат жасына келген, бойында ауру-сырқауы болмаған кісіге міндет. Осы жерде фидия мәселесін де айта кеткім келіп отыр. Жалпы фидия бойынша өмірінің соңына дейін босатылған кісілерге ораза ұстамауға рұқсат берілген. Бір ғана міндеті ораза ұстайтын бір кісіге сәресін, ауызашарын беріп отыруы керек. Болмаса, осы екеуіне кететін қаражатын үлестіреді. Ол қаражат биыл 3400 теңгеден бекітілді”, – деді бас имам.

Бұл жерде Оразаны уақытша ұстамауға рұқсат берілген кісілер де бар. Етеккірі келген әйел кісілерге, босанғаннан кейінгі қырық күнде ораза ұстамағандар сол уақыты біткенде жалғастырулары керек. Үшінші жағдай өткінші ауруы бар адамдарға емделгенше рұқсат берілген. Кімде-кім осы кезде сапарға шығып қалатын болса немесе соғыс болған жағдайда мерзімі өткенде өтеуі керек деген шариғат айтылған. Бала емізетін әйелдер дәрігерімен кеңесу керек. Сосын жұмысының ауыр болуымен байланысты кейбір жағдайларда рұқсат етіледі.

“Құрметті жамағат, сөзімді қорытындылай келе, Бас мүфтиіміздің осы бір аманатын жеткізгім келіп отыр. Оның алғашқысы азық-түлікпен айналысатын бизнес өкілдеріне қатысты өтініш. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын ораза кезінде жеңілдетсеңіздер. Тағы бір мәселе, Ораза болған уақытта берілетін асты ауызашарға алып барсаңыздар екі оқпен бір қоян атқандай үлкен сауапқа кенелесіздер. Біріншіден аруақты қадірлеп, екіншіден дінімізді құрметтеп ауызашар уақытына әкеліп жатырсыздар. Рамазан айында бизнес өкілдеріне ішкілік сатпасаңыздар деген өтініш бар”, – Бахытбек қажы Тәжімбет.

Жаңалықтармен бөлісу