Қостанайда ерекше балалар фестивалі қорытындыланды

Қостанайда ерекше балалар фестивалі қорытындыланды

Тобыл төрінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған дәстүрлі шығармашылық фестиваль өз мәресіне жетті.

Жиырма жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан игі шара биыл да жоғары деңгейде өтіп, «Муза және балалар» атты гала-концертпен қорытындыланды.

Облыстық «Шекарасыз балалық шақ» фестивалі – мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін ұлықтап, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған маңызды алаң.

Осы уақыт аралығында фестивальге 25 мыңнан астам бала қатысып, олардың үш мыңға жуығы жеңімпаз және жүлдегер атанған. Бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығын айқын көрсететін көрсеткіш.

– Фестивальдің басты мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін талантты балаларды анықтау, қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Сонымен қатар, жас өнерпаздардың зияткерлік, рухани және дене дамуына қолайлы жағдай жасау көзделген. Бұл фестиваль балалардың өз мүмкіндіктерін толық ашуына жол ашады. Біз олардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамға бейімделуіне де ықпал етеміз, – дейді «Дене тәрбиесі және қосымша білім беру өңірлік орталығы» директорының орынбасары Жанна Исмурзинова.

Байқау бағдарламасы дәстүрлі түрде бірнеше бағытты қамтыды. Қатысушылар хореография, вокал, аспаптық орындау, көркем сөз оқу және ым-ишарамен ән айту номинациялары бойынша өнер көрсетті.

 

blank blank Әрбір қатысушы сахнада өз шеберлігін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

blank

– Біз бұл фестивальге үлкен дайындықпен келдік. Қатысушыларымыз бірнеше ай бойы тынымсыз еңбектеніп, екі арнайы нөмір ұсынды. Бар күш-жігерімізді бір арнаға тоғыстырып, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық, – дейді Арқалық арнайы мектеп-интернатының меңгерушісі Жазира Қапарова.

Гала-концерт барысында іріктеу кезеңінен озып шыққан үздік нөмірлер сахналанып, қатысушылар марапатталды. Шара барысында балалардың ерекше таланты мен сахнадағы шынайы эмоциясы көрермендерді бей-жай қалдырмады. Мамандардың пікірінше, мұндай фестивальдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, олардың қоғамға сәтті бейімделуіне зор мүмкіндік береді.

 

Тимур Шагиров,

ҚӨУ студенті