Қостанайда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға бағытталған «Таңшолпан» жобасы іске қосылды

Қостанайда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға бағытталған «Таңшолпан» жобасы іске қосылды

Қостанай облысында әйелдердің саяси белсенділігін арттыруға арналған жаңа  «Таңшолпан» жобасы іске қосылды. Жоба бастамашылары — «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты және партия Орталық аппараты жанындағы Саяси менеджмент академиясы.
Жобаның негізгі мақсаты – әйелдерді қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға жүйелі түрде дайындау, кадрлық резерв қалыптастыру, саяси мәдениетті арттыру және көшбасшылық дағдыларын дамыту.

Жобаға білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет және азаматтық секторда қызмет етіп жүрген белсенді әйелдер қатысады.

Жобаны жетекшісі – Марина Растегаева, партиялық білім беру жобасы «TOMIRIS»-тің алғашқы қатысушыларының бірі.

blankМ.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің базасында жобаның таныстырылымы өтті. Оған облыстың барлық аудандарынан келген 100-ге жуық әйел, партия өкілдері, мәслихат депутаттары, білім беру мекемелерінің басшылары мен сарапшылар қатысты.

blank

Партияның Республикалық Әйелдер қанатының тең төрайымы Ләззат Рамазанова жобаның қоғамдық-саяси қызметке қызығушылық танытқан әйелдер үшін тиімді алаң болатынын атап өтті.

– «Таңшолпан» – әйел көшбасшыларын жүйелі түрде даярлауға арналған жоба. Ол әйелдердің бастамаларын қолдауға және ілгерілетуге мүмкіндік беретін тұрақты тетіктерді қалыптастырады, – деді ол.

Іс-шара аясында «Дәрігер-Talks» кейс-платформасына қатысқан белсенділер, Қостанай қалалық онкологиялық көпсалалы ауруханасының жетекшісі Ксения Дисаенкоға, облыстық санитарлық авиация басшысы Еркен Құрмановқа, Арқалық аудандық ауруханасының бас медбикесі Айгүл Мұханбетжановаға ҚР Денсаулық сақтау министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.

«AMANAT» партиясы  облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов жобаның практикалық бағытына назар аударды:

– Біздің мақсатымыз – саяси және әлеуметтік мәселелерде жауапкершілік ала алатын дайын кадрлық резерв қалыптастыру, – деді ол.

Саяси менеджмент академиясының атқарушы директоры Елдос Нұрлан оқу бағдарламасының басымдықтары мен күтілетін нәтижелеріне тоқталды.

– Жоба нәтижесінде белсенді және дайын қатысушылардың ішінен басқарушы және сайланбалы лауазымдарға ұсынылатын әйелдер пулын жасақтау жоспарлануда, – деді ол.

Пленарлық бөлімнен кейін қатысушылар бірнеше оқыту секцияларына бөлініп, әртүрлі  тақырып бойынша сабақ өткізілді.

Оны облыстық мәслихат депутаттары, саяси технология, PR және электоралдық сала сарапшылары, сондай-ақ Академия өкілдері жүргізді.

«Таңшолпан» жобасы аясындағы оқу бағдарламасы 6–12 айға есептелген. Бағдарламаға лекциялар, тренингтер, вебинарлар, практикалық модульдер және қатысушылардың өз бастамаларын қорғау кіреді. Бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушылар партияның кадрлық резервіне енеді және аймақтық, қалалық деңгейде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.

«Таңшолпан» жобасы – Қостанай облысында жүзеге асырылатын аймақтық бастама. Алдағы уақытта жоба аясында тақырыптық бағыттарды дамыту және түлектерді саяси өмірге белсенді түрде тарту жоспарланып отыр.