Қостанайда есірткі жарнамасын жоюға бағытталған ауқымды акция өтті

Қостанайда есірткі жарнамасын жоюға бағытталған ауқымды акция өтті

Биыл бесінші рет облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын жарнамалайтын жазбаларды бояп жоюға бағытталған ауқымды акция өткізді.

Бұл бастамаға ҚР ІІМ Академиясының курсанттары, «Аманат» партиясының жастар қанаты — «Жастар Рухы» ұйымының өкілдері және қоғам белсенділері атсалысты.

   Акцияға қатысушылардың әрқайсысына бояғыш баллондар мен «Есірткіге жол жоқ!» деген жазуы бар футболкалар және бас киімдер таратылды. Полиция қызметкерлері мен еріктілер журналистермен бірге қаладағы проблемалық аудандарға шығып, үйлердің қабырғалары мен басқа да нысандардағы тыйым салынған жазбаларды бояды.

blankБірінші нысан Майлин көшесіндегі көпқабатты үй болса, кейін жұмыс 7-шағынауданда жалғасты. Акция барысында бір күнде 80-нен астам жазба боялып, жойылды. Олар тұрғын үйлердің қабырғаларында, аялдама павильондарында орналасқан.

blank

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова қала тұрғындарын мұндай акцияларға белсенді қатысуға шақырды:

– Көбінесе жасөспірімдер қызығушылықпен бұл жазбалардағы сілтемелерге өтіп, синтетикалық есірткі ұсынатын сайттарға тап болады. Біз есірткі сатушылар мен таратушыларды анықтап, ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Алайда бұл зұлымдықпен күрес қоғамның қолдауынсыз мүмкін емес, – деді ол.

Полиция департаменті қала тұрғындарын мұндай жазбаларды немесе есірткіні заңсыз сатуға қатысты кез келген дерек анықталған жағдайда, бұл туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Әрбір хабарлама тексеріліп, расталған жағдайда қылмыстық әрекетті тоқтату шаралары қабылданады.

blankҚұқық қорғау органдары осындай акцияларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп, халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырмақ.

blankСебебі алдын алу шаралары мен қоғамдық сана — есірткі қылмысына қарсы күрестегі маңызды құралдардың бірі.