Қостанай трассаларында жол-көлік оқиғаларын азайту шаралары жүргізілуде

Қостанай трассаларында жол-көлік оқиғаларын азайту шаралары жүргізілуде

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында КАЗ-03 «Астана – Сарыкөл – Қостанай – Қарабалық – РФ шекарасы» республикалық автожолының бойында, Успенов және Арман елді мекендерінің маңында «Елді мекеннің басталуы» жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Аталған шараларды қабылдау қажеттілігі қалыптасқан жол-көлік оқиғалары жағдайына байланысты болып отыр.

Атап айтқанда, 2025 жылы Арман ауылы маңындағы автожол учаскесінде адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары тіркелді.

Осындай жол белгілері «Қостанай – Қарабұтақ» автожолының бойындағы Қонай елді мекені маңында да орнатылған.

blank

«Бұл шаралар жүргізушілерді елді мекенге кіргені туралы дер кезінде хабардар етуге және белгіленген қозғалыс жылдамдығын 100 км/сағ-тан 60 км/сағ-қа дейін төмендету қажеттігін ескертуге бағытталған. Тиісті жол белгілерін орнату жергілікті тұрғындар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ елді мекендер арқылы өтетін жол учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Жол қозғалысына қатысушылардан барынша мұқият болуды, Жол қозғалысы қағидаларының талаптарын сақтауды және бағдаршамдар мен жол белгілерінің сигналдарына назар аударуды сұраймыз», — делінген хабарламада.