Биыл жазда Қостанай қаласындағы бірқатар мектептерде жылдағы дәстүр бойынша жеңіл-желпі жөндеу жүргізіледі. Ең ауқымды жұмыстар №23, №11 және №25 мектепте жоспарланып отыр.

Аталған білім ошақтарында инженерлік желілерді, шатырларды, ғимараттардың ішін, спорт инфрақұрылымын жаңарту және басқа да жұмыстар атқарылмақ.
«Қазіргі таңда белгілі бір бағыттар бойынша мердігерлер анықталды. №23 мектептің бассейнін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Бірнеше лоттар конкурстық сауда-саттық пен келісім-шарт жасау сатысында. Негізгі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың жаз айларына жоспарланған»,-деді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева.

Қала әкімі Марат Жүндібаев білім беру мекемелеріндегі жөндеуді созбаққа салмай, дер кезінде тиянақтылау қажеттігін ескертті. Бұған дейін №6 балабақшаның жаңарту жұмыстары үш жылға жалғасып, әупірімдеп аяқталған еді. Шаһар басшысы ендігі жерде салбырлық танытуға жол берілмейтінін баса айтты.

«№6 балабақшадағы жөндеу үш жылға жалғасты. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған жоқ. Қаражат жетпей қалған күннің өзінде тиісті іс-әрекетті жасап, басталған шаруаны аяқтау керек. Мектептер мен балабақшалардағы жөндеуді 1 жылдан асырмаған жөн. Үлкен мектептерді әрі кетсе 2 жылда жөндеп шығуға болады»,-деді шаһар басшысы.
ҚЫМБАТ ДОСЖАНОВА
