Бүгін Қостанайдағы Сырбай Мәуленов атындағы гимназияда өткен соңғы қоңырау салтанаты тек дәстүрлі вальспен ғана емес, ауқымды экологиялық трендпен ерекшеленді. Биыл алғаш рет «Білімім – Отаныма!» жиыны аясында мектеп бітірушілер 1-сынып оқушыларымен бірлесіп, білім ордасының ауласына «Түлек ағашын» отырғызды.

Мектеп алаңында өткен салтанатты шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы қатысып, ересек өмірге қадам басқан 47 түлекке сәт сапар тіледі.
Жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары өңірдегі білім беру саласының жетістіктеріне және Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының маңыздылығына тоқталды.

«Биыл облысымызда 5 200-ден астам түлек үшін өмірдің жаңа парағы ашылғалы тұр. Облыс бойынша 231 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, соның төртеуі – сіздердің мектептің мақтаныштарыңыз. Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның екі жыл қатарынан облыста „Үздік олимпиадалық мектеп“ атанып, еліміздің ең үздік 100 мектебінің қатарына енуі – үлкен мәртебе. Бүгін отырғызылатын «Түлек ағашы» – ұрпақтар сабақтастығы мен туған жерге деген сүйіспеншіліктің символы», — деді Бақытжан Нарымбетов.

Сондай-ақ, өңірде мектеп инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны айтылды. Осы оқу жылында 2500 орындық 4 заманауи мектеп пайдалануға берілсе, алдағы қыркүйекте «Қонай» және «Береке» шағын аудандарында жаңа білім ошақтары есігін айқара ашпақ. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 миллиард теңге бөлінген.


Биылғы соңғы қоңыраудың басты ерекшелігі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акция болды. 11-сынып түлектері мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндермен бірге көшет отырғызып, шара соңын ауқымды флешмобқа ұластырды.

Гимназия директоры Аслан Мәдібаев түлектерге алдағы емтихандарды ойдағыдай тапсыруға тілектестік білдірсе, ата-аналар атынан сөз сөйлеген Алтын Касенова ұстаздар қауымына сапалы білім мен саналы тәрбие бергені үшін шексіз алғысын жеткізді.
ШҰҒА ҚОҢҚАБАЙ
