Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары аясында мамандар мұз кептелісі қаупі бар су айдындарында жару жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар еріген қар суының еркін өтуін қамтамасыз етіп, елді мекендер мен аумақтардың су басу қаупін азайтуға бағытталған.
Бұған дейін Қамысты және Сарыкөл аудандарында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Камысты ауданы Пушкин ауылындағы Тобыл өзенінде 5500 текше метр мұз жарылды.
Сарыкөл ауданында жару жұмыстары Вишневка ауылындағы Бозшакөл көлінде және Сарыкөл ауылындағы Сарыкөл көлінде өтті.
Бұл жерлерде жалпы көлемі 1000 текше метр мұз жойылды.
Мұз жару жұмыстары Қарасу, Қарабалық және Алтынсарин аудандарында да жүргізілді.
Жалпы, облыс бойынша 20 аудандағы су айдындарында 55 мұз жару жұмыстары жоспарланған.
“Бұл жұмыстар жақын арада аяқталуы тиіс. Негізгі мақсат – су деңгейінің күрт көтерілуіне және елді мекендерді су басуға себеп болатын мұз кептелістерінің алдын алу. Бұл әдіс тығыз мұз қабатын бұзып, судың еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, су тасқыны қаупін азайтуға көмектеседі. Барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес жүргізіліп, мамандардың бақылауында өтеді. Тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды және су айдындары мен мұз жиналған жерлерге жақындамауды сұраймыз”, – деп ескертеді мамандар.