Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық күшейтілді: 22 гидротехникалық нысанның жағдайы сын көтермейді

Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық күшейтілді: 22 гидротехникалық нысанның жағдайы сын көтермейді

Қостанай облысында алдағы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қазірден қолға алынды. Өңірде су басу қаупі бар 113 автомобиль жолының учаскесі анықталған.

Сонымен қатар биылғы тексеру нәтижесінде 22 гидротехникалық құрылысжайдың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз екені белгілі болды.

Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Құмар Ақсақалов жауапты мекемелердің су тасқынына дайындық барысы туралы есебін тыңдап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді пысықтады.

Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде Қостанай облысында автожолдардың үстінен су асып, көлік қозғалысына кедергі келтірген 14 жағдай тіркелген.

Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылы мұндай жағдай 18 рет болған. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін инженерлік жұмыстар жоспары бекітілген. Құжат 52 іс-шараны қамтиды. Қазіргі уақытта оның 27-сі орындалған.

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Назарәлі Селимов қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе Жангелдин ауданындағы Саға ауылында, Жітіқара ауданындағы «Двуреченский тоғаны» бөгетінде және Наурызым ауданындағы Буревестник ауылының №2 бөгетінде атқарылуы тиіс жұмыстарға ерекше назар аудару қажет.

Сонымен қатар Алтынсарин, Амангелді, Қамысты, Қарасу, Меңдіқара, Сарыкөл, Жангелдин және Б. Майлин аудандарындағы елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін қолданыстағы бөгеттерді қосымша нығайту жоспарланған.

Су тасқынының алдын алу жұмыстары бөгеттерді жөндеумен ғана шектелмейді. Қыс мезгілінде өзендер мен су айдындарында мұз кептелісінің пайда болу қаупін азайту үшін мұз жарылатын орындар мен жұмыс көлемі айқындалып жатыр. Бұдан бөлек, мамандар су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, анықталған мәселелер бойынша жергілікті әкімдіктерге ұсынымдар жолдауда.

Өңірдегі гидротехникалық нысандардың жай-күйі де алаңдаушылық туғызады. Қостанай облысында Тобыл-Торғай гидрографиялық бассейніне қарасты 98 гидротехникалық құрылысжай бар. Оның ішінде биыл жүргізілген тексеру барысында 22 нысанның техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған. Олардың үшеуі республикалық, ал 19-ы коммуналдық меншікте.

Мамандар мұндай нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды тұрақты бақылауда ұстап, техникалық жағдайын жан-жақты тексеру және анықталған ақауларды дер кезінде жою қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ өзен арналарының су өткізу қабілетін жақсарту, су айдындарын тазарту және қорғаныс құрылыстарын тиісті жағдайға келтіру маңызды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірдің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2025 жылы 860 миллион теңгеге су сору құралдары, бөгеттер мен су тасқынына қарсы қоршаулар сатып алынған. Бұған қоса, су тасқыны қаупі бар аумақтардың қажеттіліктері үшін шамамен 1 миллиард теңгеге 50 бірлік арнайы техника алынған.

Алдағы көктемгі су тасқынының нақты болжамы қар қоры мен топырақтағы ылғал мөлшері туралы деректер жиналып, метеорологиялық және гидрологиялық бақылауларға талдау жасалғаннан кейін әзірленеді. Сондықтан мамандар жағдайды алдын ала бағалап, дайындық шараларын жүйелі түрде жүргізудің маңызын атап отыр.

Жауапты мекемелердің алдында тұрған негізгі міндет – қалған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтау, қажетті техника мен материалдық қорды дайындау және елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алдын алу шараларының тиімділігі мен мекемелер арасындағы үйлесімді жұмыс алдағы көктемгі су тасқыны кезеңінде ықтимал қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Сурет облыс әкімінің баспасөз қызметінен