Қазақ тобына кездейсоқ келген Милена енді қазақ мектебінде оқуы мүмкін

Қазақ тобына кездейсоқ келген Милена енді қазақ мектебінде оқуы мүмкін

Мемлекеттік тілді балабақша жасынан бастап меңгерудің маңыздылығын қоғам терең түсіне бастағандай. Өзге этнос өкілдері балаларын кішкентайынан жетелеп қазақ топтарына беріп жатыр.

Баласын қазақ тобына берген жеті атаның бірі Марина Диконтий. Мұндай шешімге алдымен кездейсоқ, кейін азаматтық ұстанымы ықпал еткенін баяндады.

«Біз қазақ тобына кездейсоқ тап болдық. Орыс тобына барамыз деп жоспарлағанбыз. Алайда орын жетпей қалды. Сондықтан осында келдік. Алғашында Миленаға қазақ тобында  ыңғайсыз болды. Төрт ай жүріп қалыптасты. Қазір қазақша түсінеді. Бір күні үйде қызық жағдай орын алды. Тамақ ішіп бола бергенімізде қызым қолын жайып: «Асың, асың, асыңа, береке берсін басыңа…» дей жөнелді. Күйеуім екеуміз таңқалып, аңтарылып қалдық. Ас қайыру батасын балабақшада апайы үйреткен екен. Милена қазір қазақ тіліндегі тақпақтарды оп-оңай жаттап алады. Онға дейін санауды біледі. Бір ай бұрын басқа балабақшаның орыс тобына ауысуға ұсыныс келді. Біз кеңесе келе баланы осында қалдыруға бел байладық. Біріншіден, тәрбиешіміз ұнайды. Екіншіден, қызым тілді оңай үйренуде», – деді ол.

Миленаның орыс тіліне қарағанда қазақша дикциясы жақсы көрінеді. Сол себепті ата-анасы баланы болашақта мемлекеттік тілде оқытатын мектепке бергісі келеді.

«Иә, біздің ондай ойымыз бар. Күйеуім де қарсы емес. Орыс тілін үйде жүріп-ақ меңгереді. Ал мемлекеттік тілді білу қажет. Себебі біз ешқайда көшіп кеткіміз келмейді. Баламның болашағын Қазақстанмен байланыстырамыз. Сондықтан қазақ тілін білуі тиіс. Менің жиенім бар. Қазір Ресейде оқып жатыр. Ол уақытында қазақ тілін үйренбегеніне өкінеді. Сондықтан Миленаға «қазақша үйретіңдер, қазақ мектебіне беріңдер» деп сөйлескен сайын айтып отырады. Әрі тіл білу артықтық етпейді», – деді Марина Диконтий.

№8 бөбекжайы «Айгөлек» тобының тәрбиеленушісі Милена қонаққа барғанда туыстарымен қазақша амандасады екен. Анасының әріптестерімен де мемлекеттік тілде сәлемдеседі. Балақайдың қылығына бірі таңқалса, енді бірі сүйсіне қарайды. Ал оның қазақ тіліне деген қызығушылығын оята білген тәрбиешісі Айзат Әскербайқызы екенін айту парызымыз.

Қымбат ДОСЖАНОВА