«Әділет» партиясы Жастар қанатының бастамасымен Қостанай қаласында «Вандализмге жол жоқ!» атты экологиялық акция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – «Шағала» жағалауы аумағын тазарту, қоғамдық кеңістіктерді вандализм әрекеттерінен қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру.
Акция аясында жастар жағалау аумағындағы заңсыз граффитилерді өшіру жұмыстарын жүргізді. Бастама қаланың көркін сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетуге бағытталды.

Аталған акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың, соның ішінде вандализм мен бұзақылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамның мұндай заңсыз әрекеттерге деген көзқарасын өзгерту. Бұл ретте жастардың қоғамдық кеңістіктерді қорғауға бағытталған бастамаларының маңызы зор.

«Әділет» партиясы Жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сәрсембаевтың айтуынша, мұндай акциялар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, туған қаласының тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік береді.
«Қоғамдық орындардың тазалығы мен сақталуы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Қала көшелері мен демалыс орындарын таза ұстау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымына байланысты. Біз жастарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, қоғамдық мүлікті құрметтеуге және вандализмге бейжай қарамауға шақырамыз», – деді Аружан Сәрсембаев.
«Вандализмге жол жоқ!» акциясы қоғамдық кеңістіктерді қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Осындай бастамалар арқылы жастар туған қаласының дамуына үлес қосып, қоғамда заңға құрмет пен ортақ жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға атсалысады.
