Биыл облыста көктемгі егіс науқаны аясында 5,1 миллион гектар жерге жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.
Жалпы егістік құрылымында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар басымдыққа ие – олар 4,2 млн гектарға тең. Сонымен қатар:
- Майлы дақылдар – 755 мың гектар,
- Жемдік дақылдар – 133,2 мың гектар,
- Қарақұмық – 21 мың гектар,
- Картоп – 5,5 мың гектар жерге егіледі.
Жаздық егіс жұмыстарына тыңғылықты дайындық жүргізілді. Бүгінде парға қалдырылған жер көлемі – 818,8 мың гектар. Өткен күзде 1,3 млн гектар жер жыртылып, көктемде қар тоқтату шаралары 843,5 мың гектарда жүргізілген.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қажетті тұқым толығымен дайын – 514,2 мың тонна көлемінде тұқым қоры жасақталған. Техникалық база да сақадай сай: өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарында 42 мыңнан астам техника бар, олардың барлығы көктемгі дала жұмыстарына толық дайын.
Көктемгі егіс науқанын 15–16 күн ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл техника мен жұмыс күшінің тиімді ұйымдастырылуының нәтижесі болмақ.
Сонымен қатар диқандар мен шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қаржылық көмек те қарастырылған. «Кең Дала» бағдарламасы аясында қазіргі уақытта 30,9 млрд теңгеге өтінім қабылданып, оның 14,5 млрд теңгесі қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 20,1 млрд теңге көлемінде несиелік желі ашылып, 21,2 млрд теңгеге өтінімдер түсіп, 11,6 млрд теңгесі берілген.
Жалпы, Қостанай облысында көктемгі дала жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, диқандар егіс науқанын уақытында әрі сапалы жүргізуге дайын.