Бала ата-ананың көз қуанышы, қоғамның ертеңгі тірегі. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы. Сондықтан мемлекетімізде ана мен баланың тағдырына ерекше көңіл бөлінеді. Алайда, өскелең ұрпақ өздігінен жетіліп, азамат болып қалыптасу үшін қыруар еңбек сіңіру керек.
Ол жалғыз отбасының тәлім-тәрбиесіне ғана емес, көп болып жұмылғанда ғана жүзеге асатындығы жасырын емес. Бұл ретте өңіріміздегі дін саласының қызметкерлері де өз деңгейлерінде танымдық-тәрбиелік мақсатта қыруар жұмыстар атқарып жатқаны белгілі. Әль-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп босқа айтпаған. Сондықтан тәрбие қашан да адам өмірінде ерекше орын алады.
Бүгінгі қозғалып жатқан тақырыпты жан-жақты ашу үшін Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы, республикалық «Үздік қала имамы» байқауының жеңімпазы, Шоқан қажы Әмірхановқа жасөспірімдердің бойына өздеріндегі сауат ашу, «Имани жаз» курстары арқылы Ислам дінінің ізгілікті дәнін сеуіп, жан дүниелерін рухани жағынан түлету мақсатында және басқа да көкейтесті мәселелер хақында сауалдарымызды қойып, оның өзіндік ұстанымы мен ой-толғаныстары жөніндегі пікірлерін жазып алған едік.
Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің
– Шоқан қажы Ғазизұлы, сіз өмір көрген және талай шәкірт тәрбиелеген қайраткерсіз. Өңірдегі көпшілік өнеге тұтар отбасының тірегісіз. Әдепті де білімді ұл-қыз өсіріп отырған асқар таудай әкесіз. Менің пайымдауымша, кез-келген жасөркен үшін ең алғашқы ұстаз оның ата-анасы деседі. Бұл орайда өзіңіздің тіршіліктен түйген әрі өзге жан-ұяларға үлгі боларлық тұжырымдарыңызды ортаға сала кетсеңіз?
– Бұл сауалыңыз арқылы маған үлкен ой салып отырсыз. Шынында да әрбір жауқазындай құлпырып өсіп келе жатқан ұрпақтың өмірінде әке-шешенің алар орны ерекше. Өйткені, жарық дүние есігін ашқан ұл не қыз болсын отбасында көргені мен түйгенін санасына сіңіреді. Соларға еліктейді. Сондықтан қай әулеттегі ерлі-зайыптылар болсын ұрпақ тәрбиесіне олар дүниеге келгеннен бастап айрықша көңіл бөлгені дұрыс деп есептеймін. «Атамыз қазақ ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп босқа айтпайды. Осы арада сөзім жалаң болмас үшін өмірден нақты мысал келтіре кеткенім артық болмас. Өзім облыс орталығынан шалғай жатқан Торғай өңіріндегі Жангелдин ауданында туып өстім. Әкеміз Ғазиз қажы саналы ғұмырын педагогикаға арнаған ұлағатты ұстаз. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі болса, анамыз Күлшаруан да білікті маман. Олар нағыз өнегелі кісілер-тін. Өздерінің перзенттеріне жеке бастарының асыл қасиеттерімен өнеге көрсетті. Үй ішінде олардың дауыс көтеріп, артық сөз айтқандарын естіген емеспіз. Бәрін де нақты іспен дәлелдеп, болашағымызға жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, жылт еткен жетістігімізді көре біліп, келешекке деген құштарлығымызды барынша арттырды. Материалдық байлыққа емес, білімге, ұлттық қазыналарымызды жан-жақты меңгеруге талпындырды. Осындай данагөй кісілердің көрсеткен тәлімін қалай айтсақ та болады. Біз ата-анамызға қарап өстік. Бәріміз де үйлі-баранды болып, өмірден өз орындарымызды таптық. Мен де қазақтың қалың ортасында өскен жан дүниесі көркем, ізетті де ақжарқын Қарлығаш есімді бойжеткенмен тағыдырымды қосып, бақыты шалқыған отбасыға айналдық. Құдайға шүкір, ұл мен қызды тәрбиелеп жатырмыз. Аталған асыл қасиеттердің бәрі әулеттің бастауында тұрған әке-шешеміздің арқасы. Олардың үмітін ақтауға барынша талпынып келеміз. Әрине, оған бағаны беретін халық емес пе. Менің ұғымым бойынша әрбір бала өмірге келген соң бақытты болуға лайықты. Олардың түсінбеушіліктен ажырасып кеткен ата-анасы үшін ешқандай жазығы жоқ. Соны түсінетін кез жетті. Өзім қызмет бабымен жетімдер үйінде де болып тұрамын. Сонда етегіңе жабысып, «Сіз менің атамсыз ба?» деп қолымнан ұстап, жанарлары жәутеңдеген нәрестелерді көргенде жүрегің қан жылайды. Бейкүнә сәбилерді тағдырдың тауқыметіне ұшыратып, некесіз ұл атандырған тас жүрек әкелер немесе көкек аналар қалай ғана жер басып жүреді деген ойда қаласың. Солар шіркін, алимент әке-шешенің орнын баса алмайтындығын түсінсе ғой.
Сауатты ұрпақ – қоғам байлығы
– Мешіт – кейбіреулер таяз ойлайтындай жаназа шығарып, Құран мен намаз оқитын жер ғана емес. Ол бұл күндері нағыз рухани ордаға айналды емес пе. Өзіңіз басқарып отырған киелі жерде қарамағыңыздағы білімді де білікті қызметкерлердің арқасында жасөспірімдердің діни сауатын арттыруға қомақты үлестерін қосып жатқандарын жақсы білеміз. Осыны таратыңқырап айтып берсеңіз?
– Біздің ағайынды Жайлаубаевтардың қаржысымен ашылған мешіттің пайдалануға беріліп, халықтың игілігіне жұмыс істеп жатқанына көп жылдардың жүзі болды. Оның ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сол кездегі төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзі қатысып, ақ батасын бергені қалың жұртшылықтың есінде болар. Міне содан бері аталған басқарманың Қостанайдағы филиалы ретінде ұжымдағы 15 адам бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен жұмыс істеп келеміз. Кадрларымыз да сайдың тасындай іріктелген. Наиб имамдар Бақберсін Ізбасаров, Әсет Жарылқасын, Қазыбек Көшеров, қари Әлібек Қылышбай және басқа да ұлағатты ұстаздар қала тұрғындары мен ата-аналардың ерекше құрметіне бөленген. Осыдан біраз жыл бұрын мешітімізде екі айлық курс ашылды. Содан бері қаншама түлектеріміз арнайы сертификаттарға ие болып, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында жасы келген қарт кісілер де, кәмелеттік жастағылар да бар. Сонымен қатар қыз балаларға дәріс беретін ұстаз Аяулым да өз саласын жетік білетін білікті маман. Ол өзі басқаратын секцияда жүрегі нәзік жандарға дәріс беріп, қыздарды инабаттылыққа, ибалылыққа баулыды. Оның аты-жөні де жерлестерімізге жақсы таныс.
– Жас балалардың жазғы демалыс кездерінде ұйымдастырылатын «Имани жаз» курсы да сіздерде жақсы жолға қойылған. Ол өзінің нақты жемісін беріп те жүр. Бұл ретте «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, сіздің және дарынды көмекшілеріңіздің де тындырымды жұмысын айтып өткеніміз жөн секілді.
– Иә, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Ең алдымен мешіт қызметкерлеріне сеніп ұл-қыздарын жылда жазғы демалыс кезінде сауат ашу курсына беріп жатқан ата-аналарға шексіз алғысымды білдіремін. Екі жақтағы қалыптасқан түсіністіктің нәтижесінде қолға алған жұмысымыз алға басып келеді. Биыл «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсын 160 түлек аяқтады. Оның 40-і қыз, қалғандары ер балалар. Оларға елордамыз Астана медіресесінен келген ұстаздар дәріс берді. Біз болашақ дін қайраткерлеріне қолдан келген барлық жағдайды жасадық. Тұратын орынмен, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз еттік. Еңбектеріне қарай шәкіртақы алды. Әлгі студенттер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бағдарламаны басшылыққа алып, ондағы көрсетілген ережеге сәйкес барлық талаптарды мүлтіксіз орындады. Тәлімгерлер сабақ беру барысында «Имандылық әліппесі» атты кітапшаны үйретті. Дәріс кезінде көркем есімдер, сенімге қатысты мәселелер, қырық парыз, мақал-мәтелдер, өлең жолдары, ғибратты әңгімелер мен ислам әдептерін оқушылардың бойына сіңіруге тырысты. Оқушылардың киім үлгісіне дейін көңіл бөлді. Ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, ұл мен қыздардың қауіпсіздігін басты назарда ұстады. Бос уақыттарын тиімді өткізді. Облыс орталығына саяхат жасап, тарихи орындарда, музейлерде, “КlA “ машина зауытында болды. Сондай-ақ қаланың ең көрікті жерлерін аралап, таным көкжиектерін кеңейтті.
– Қайырымдылық сіздердің күнделікті қызметтеріңіздің бір бағыты екендігін білеміз әрі көріп жүрміз. Осы жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын өткіздіңіздер. Бұл да болса балаларға қамқорлықтың жарқын бір көрінісі емес пе!
– Оныңыз рас. Адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі -қайырымдылық екендігі белгілі. Сондықтан «Жайлаубай ата» мешітінің қызметкерлері жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Оған көп балалы және әлеуметтік жағынан қолдауға мұқтаж отбасыларда тәрбиеленіп жатқан әрі биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған ұл мен қыздар арнайы шақырылды. Оларға сабақ барысында қажетті сөмкелер және қолданатын құрал-жабдықтар тапсырылды. Жалпы, біз тек осы жаңа оқу жылына дайындық кезінде ғана емес, қайырымдылық мақсаттағы шараларды ұдайы өткізіп тұрамыз. Жетім балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді де қамқорлыққа алып, ондағы жасөспірімдерге көмек беруді өзіміздің басты парымыз деп санаймыз.
– Сұхбаттымыздың басында балалар біздің келешегіміз екендігін тілге тиек еттіңіз. Алдағы кездері бүгінгі қозғалған өзекті тақырып бойынша қандай кездесулер мен жүздесулер, танымдық-тағылымдық жағы мол рухани шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар. Болашақта шаңырақ көтергелі отырған жастарға қандай ой-тілегіңізді білдірер едіңіз?
– Ең алдымен айтарым, әрбір отбасы шағын мемлекет деп босқа айтылмайды. Сол себептен бойжеткендеріміз беп бозбалаларымыз шаңырақ көтермес бұрын әбден ойланып-толғанып барып, шешім қабылдағандарын қалар едік. Өйткені, отау құрған соң ұрпақтарына ерлі-зайыптының екеуі де тікелей жауапты. Ал, жарық дүние есігін ашқан сәбилердің өсе келе жан-жақты білімді, мәдениетті, өз халқының өткен тарихы мен болашағын терең ойлайтын толыққанды азамат болып қалыптасуларына әр ата-ананың тигізер ықпалы зор. Сондықтан олар жеткіншектердің тәрбиесін ес білгеннен қолға алып, осы бағыттағы жұмысты жандандыра бергендері абзал. Мешіт рухани және парасат ордасы болып табылады. Өзіміз де ұйымдастырылып жататын түрлі мәдени іс-шараларда осы айтылған жайларға жеткілікті мән беріп, отбасының беріктігі, бірлігі мен ынтымағы өскелең ұрпақтың өмірінде айрықша орын алатындығын еске саламыз.
– Өзіңіз білесіз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Осы бағытта мешіт қызметкерлері жұртшылыққа өнеге боларлық қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен аталған жыл да өзекті мәселені қозғап, дін қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктеп отыр. Оны біздің мешіттің барша қызметкерлері жете ұғынады. Жамағатқа адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік секілді қасиеттерді жан-жақты түсіндіріп, уағыз-насихаттарға арқау етіп келеді. Алдағы уақытта жүзеге асырылар жұмыстар ауқымды. Оның қатарында діни рәсімдерде ысырапшылдықтың алдын-алу жайы да бар. Аталмыш мәселе бойынша 2024 жылы облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын алу» атты конференция ұйымдастырылғаны көпшілікке аян. Осы мәжіліске найб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы арнайы қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Жиында өңірдегі зиялы қауым өкілдері, абыз ақсақалдар да қозғалған өзекті тақырыпқа байланысты пікірлерін білдірді. Онда тиісті шешім қабылданды. Бұл күндері мешіттің дін қызметкерлері оның мәні мен мақсатын жамағатқа түсіндіруде.
– Шоқан Ғазизұлы, елімізде жастардың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру яғни рухани байлыққа байланысты атқарылып жатқан игі жұмыстар да аз емес. Осы жайлы қысқаша баяндап өтсеңіз?
– Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны баршаға мәлім. Бұл өте құптарлық. Сондықтан мешіттің қызметкерлері де қазіргі таңда «Кітап-білім бұлағы» демекші, кітап оқудың пайдасы, оның әсіресе, жастардың ой-өрісін кеңейтуге, тіл байлығын арттыруға, жан-жақты білікті азамат болып қалыптасуына ықпал ете беретіндігі даусыз.
Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ
