Қостанай облысында XXXVIII Жазғы Спартакиадаға дайындық қызу басталды.
Айтулы іс-шара Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бекіткен 2025 жылғы бірыңғай өңірлік күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі және барлық қатысушылар үшін міндетті талаптарды қамтиды.
«Биылғы Спартакиада үш кезеңнен тұрады:
I кезең – сәуір айында білім беру ұйымдарында, кәсіпорындарда, әскери бөлімдерде және ауылдық округтерде бұқаралық жарыстар өткізіледі;
II кезең – 1 шілдеге дейін қалалар мен аудандар деңгейінде өтіп, финалдық кезеңге қатысатын құрама командалар жасақталады;
III кезең – 24-27 шілде аралығында Денисов ауданы, Денисов кентінде облыстық спартакиаданы өткізетін боламыз», – дейді басқарма басшысы Дулат Советханұлы.
Ашылу және жабылу рәсімдерінде командалар бірыңғай ұлттық этно стильдегі парадтық формада шығуы ұсынылады. Бұл – халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтап, рухани бірлікті көрсетудің жарқын үлгісі болмақ.Байқағандарыңыздай, жылдан жылға спортта да қазақи құндылықтар насихатталып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп келеді. Бұл Спартакиаданың ерекшелігі де осында. Өткен жылы алғаш рет асық ату, көкпар, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сияқты ұлттық ойындар бағдарламадан орын тапқан болатын. Биыл оларға бәйге мен аударыспақ сияқты ат спорты түрлері қосылып, Спартакиаданың ауқымын бұрынғыдан да кеңейте түседі.
Финалдық кезеңге қатысатын командаларға қойылатын талаптар да нақты белгіленген. Спортшылардың техникалық және физикалық дайындығы, медициналық рұқсаты, сондай-ақ Қостанай облысында кемінде үш жыл тұрақты тіркелуі болуы тиіс. Бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бойынша келген жастар үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Қостанай облысының Спартакиадасы – тек жарыс емес, жас ұрпаққа үлгі, аймақтық бірлік пен патриотизмнің көрінісі. Салауатты ұлт – жарқын болашақтың кепілі.
Мадина Мейірім,
ҚӨУ 4-курс студент