Қостанайда «Цифрлық қоғам» жобасы іске қосылды

Қостанайда «Цифрлық қоғам» жобасы іске қосылды

Бүгін Қостанай қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық қоғам» атты ауқымды партиялық жобаның тұсаукесері өтті.

Қанатқақты жоба цифрлық сауаттылықты арттыру және интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, цифрлық еріктілер, әлеуметтік қызметкерлер, қарттар және осал топтардың өкілдері қатысты. Жиында цифрлық гигиена, интернет алаяқтықтан қорғану, смартфондарды қауіпсіз пайдалану, онлайн-банкинг және eGov порталы арқылы қызметтерді пайдалану бойынша әдістемелік материалдар ұсынылды.Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жобаның маңыздылығына тоқталып, оның аясында әзірленіп жатқан «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» Заң жобалары елдегі цифрлық даму мен азаматтардың қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталатынын атап өтті.

«Цифрлық қоғам – бұл жай ғана технологияларды пайдалану емес, бұл әр азамат цифрлық құралдарды қауіпсіз әрі тиімді түрде пайдалана алатын орта. Біз бұл жобамен ұзақ уақыт бойы жұмыс істедік, бір қадамнан келесісіне көшіп, адамдарға цифрлық технологияларды қауіпсіз қолдану үшін қажетті білім беру қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Цифрландыру өміріміздің барлық саласын қамтып жатқан қазіргі кезде бұл жоба ерекше өзекті болып отыр. Әсіресе зейнеткерлерге көмек көрсету аса маңызды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қарт адамдар жиі интернет-алаяқтардың құрбанына айналуда. Олар адамдардың цифрлық сауатсыздығын пайдаланып, түрлі жолдармен ақшасын тартып алады. Сондықтан цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін, жеке деректерді қорғауды үйрету – бүгінгі күннің өмірлік қажеттілігі», – деді Екатерина Смышляева.

Ал, «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов бұл жобаның өңір үшін ерекше маңызды екенін айтты.

«Цифрлық қоғам – тек технологиялық даму емес, әр тұрғынның цифрлық ортада өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне бағытталған бастама. Егде жастағы азаматтар мен жастар заманауи қызметтерді кедергісіз пайдалана алуы үшін мұндай кездесулер жиі өтуі тиіс», — деді ол.

Оқыту барысында қатысушыларға фишингті анықтау, құрылғыларды баптау және интернеттегі ықтимал қауіптерге әрекет ету бойынша практикалық көмек көрсетілді. «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасының орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, бұл шаралар барлық өңірлерде өткізілетін болады.
Жоба аясында ата-аналар жиналыстары, мектептерде «Киберқауіпсіздік» сабақтары, зейнеткерлерге арналған «Күміс лига» цифрлық орталықтары, сондай-ақ цифрлық волонтерлерді оқыту мен арнайы интерактивті курстар ұйымдастырылмақ.
Кездесу қатысушысы, 72 жастағы қала тұрғыны Айжан Қуанышбекова өз әсерімен бөлісті.

«Бұрын жаңа технологиялар мен үшін емес деп ойлайтынмын. Бірақ маған телефон мен интернетті қалай қолдану керектігін көрсеткен соң, оның расында пайдалы екенін түсіндім. Енді мен немерелеріме қоңырау шалумен шектелмей, коммуналдық қызметтерді төлей аламын, дәрігерге жазыла аламын, жаңалықтар оқи аламын. Бұл, әрине, біз, егде жастағылар үшін үлкен көмек. Осындай кездесулер болмаса, біз бәрінен шеттеп қалар едік»,– деді ол.
ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, қазақстандық балалардың 46%-ы интернетті 5-8 жасында қолдана бастайды. Бұл өз кезегінде қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыруды күн тәртібіне шығарып отыр.
2023 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда цифрлық сауаттылық деңгейі 88,3%-ды құраған. Қостанай облысы бұл көрсеткіш бойынша 91,7%-пен алдыңғы қатарда.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Бағдат МҰСАБЕК,
ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу