Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен «Тaзa Қазақстан» бағдарламасы аясында Қостанай қаласын абаттандыру мәселелерін талқылауға арналған кеңес өтті.
Кеңес барысында осы бағыттағы жұмыстар облыс орталығында қалай жүргізіліп жатқаны жан-жақты қарастырылды. Құмар Іргебайұлы «Қостанай қаласы – өңіріміздің айнасы» дей келіп, шаһардың заманауи, таза да көркем, өмір сүруге сайлы, жайлы мекенге айналуы керек екенін айтты. Осы себептен бюджеттің 37 пайызы облыс орталығын дамытуға жұмсалатынын тілге тиек етті.
«Қала инфрақұрылымы мен жолдарының сапасын жақсартуға биыл 1,5 есе өсіммен 17,1 млрд теңге бағытталды. Аулалар мен аумақтарды, саябақтарды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын салуға жұмсалатын қаражат көлемі де екі есеге дейін ұлғайды. Ірі жобалардың қатарына Сьянов көшесін қалпына келтіру, Фролов көшесін кеңейту жұмыстарын қосуға болады. Қаламызда демалыс-серуен орындары көп болуы керек. Осы жөніндегі тапсырмам бойынша көп жоба жүзеге асырылып та жатыр», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл 3 млрд теңгеге қаладағы 39 көшеге балалар және спорт алаңы салынады. Көгалдандыруға да ерекше ден қойылады. Өңірдің елді мекендерінде биыл 52 мың, ал Қостанайда 3 мың түп көшет егіледі. Облыс орталығын жасылдандыруға 970 млн теңге бағытталып отыр. Оның бір бөлігі егілген ағаш-талдың бап-күтіміне жұмсалады.
«Көшет еккен жақсы, бірақ оның күтімі дұрыс болмаса, еңбеңігіз еш кетті дей беріңіз. Жасыл желекке күтіммен қарау дегеннің өзіне дұрыс көзқарас керек. Мәселен, ағаштарды күзеу дегеніміз көп жағдайда бейсауат кесіп тастауға ұқсап кетеді. Бұдан соң түбірі қалған өсімдік не семіп қалады, не ұсқынсыз томар бағанға айналады. Мұны күтім деуге болмайды. Мұндайға тыйым салу керек. Сондықтан білікті мамандарды тарта отырып, зәулім ағаштарды күзеуді аса қажет болған жағдайда ғана жүргізуді тапсырамын!» – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол қала көшелерінің ажарын қашырып тұрған, тәртіп-ретсіз, талғамсыз ілінген алабажақ жарнамаларды да сынға алды. Олардың орнын лед-экрандар, басқа да электронды құрылғылар алмастыруы керегі айтылды.
Ауласының тазалығына немқұрайды қарайтын бизнес, өнеркәсіп, мекеме-ұйым нысандары да сынға ілікті. Қалтарысында қоқыс-қалдық үйіліп жатқан бірнеше объектінің жоғарыдан түсірілген суреттері экраннан көрсетілді. Бүгінесін қатаң шара қолданылатынын ескертті облыс әкімі.
Бұдан соң Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында былтыр атқарылған, биыл жоспарға алынған жұмыстар жөнінде кең ауқымды ақпарат берді.
Тазалыққа жауапты коммуналдық қызмет өкілі, осы жобаға үн қосқан ірі кәсіпорын басшылары, еріктілер қозғалысы жөнінде Жастар ресурстық орталығының директоры, тәріп қадағалау туралы құқыққорғау органдарының өкілдері, өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру турасында №8 мектеп мұғалімі баяндама жасады.
Толығырақ – газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ