Қостанай облысының барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, 4 700-ден астам түлек мектеппен қоштасты. Биылғы бітірушілердің ішінде 228 оқушы – «Алтын белгіге», 290 түлек – үздік аттестатқа үміткер.
№32 жайлы мектеп алғашқы түлектерін ұшырды. Қостанай қаласындағы жаңа, жайлы №32 мектеп үшін бұл күн ерекше есте қалмақ – білім ордасы алғашқы түлектерін үлкен өмірге шығарып салды. Салтанатты шараға ата-аналар, мұғалімдер мен ресми өкілдер қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов мектеп түлектеріне жылы лебізін арнап, болашаққа сеніммен қадам басуға шақырды.

«Сіздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған мектепті аяқтап жатырсыздар. Армандаудан қорықпаңыздар, білім мен қолдаудың арқасында алға ұмтылыңыздар. Сіздер – елдің болашағысыздар!», — деді құттықтау сөзінде.
Салтанатты рәсімде дәстүрлі мектеп вальсі биленіп, ұстаздар мен ата-аналар тарапынан түлектерге жүрекжарды тілектер айтылды.

«Бұл жыл үлкен ізденістің, дамудың жылы болды. Сіздер мектеп қабырғасынан өз-өзіне сенімді, мақсатшыл азамат ретінде шығатыныңызға сенемін. Ақ жол!», — деп мектеп педагогы Жансая Сүлейманова қимастық тілегін жолдады.
«Мектеп бізге тек білім емес, өмірлік құндылықтарды да үйретті. Енді біз үлкен өмірге қадам басуға дайынбыз», — деді мектеп түлегі Бекзат Альхамхаир.
