Он бес заманауи автобустың таныстырылымы орталық алаңда өтті. Бұл жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыра түсуге зор ықпал етпек.
Биыл «Yutong» маркалы 28 автобус сатып алу туралы қала әкімдігі мен төрт компания арасында келісім-шарт жасалған. Соның алғашқы легін, 15 көлікті «Брунев А.В» жеке кәсіпкерлігі әкеліп, іске қосты. Соңғы үлгідегі 11 метрлік жолаушылар транспорты ескілерді алмастырып, әлеуметтің игілігіне жарағалы отыр. Жаңа автобустар облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа таныстырылып, осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар туралы мәлімет берілді.
«Егер 2020 жылға дейін 11 автобус сатып алынған болса, парк 2021 жылы елу, ал 2023 жылы 59 көлікпен толықтырылды. Былтыр төрт автобусқа көбейді. Енді биыл ақпан-мамыр айлары аралығында 28 қоғамдық көлік әкелінеді. Олардың авансы төленіп қойған. Қажеттілікті толық жою үшін бұларға қосымша 41 автобус сатып алу керек», – дейді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Енді «Альтаир», «Компания СТА» және «Жарық жол-1» компаниялары, келісім-шартқа сәйкес, қалған 13 автобусты алдағы екі-үш ай ішінде іске қосуға тиіс. Бұл – «қызметтік өтілі» жеті жылдан аспайтын жолаушылар автобусы 124-ке көбейеді деген сөз. Қазір желідегі 196 автобустың 85-і жеті жылдан көп уақыт қызмет етіп келеді. Ал жаңарту жұмыстарының аса маңызды екенін облыс әкімі де сөз етті.
«Жиі көріп жүрміз, қазір маршруты ұзақ болғанымен, сыйымдылығы аз шағын автобустар көп. Оның сыртында алды отыз жылдан астам жол жүрген, жиі сына беретін қоғамдық көліктер де баршылық. Ал бұндай қолайсыздықтар қала тұрғындарының наразылығын туғызып, жиі шағымдануына әкелетіні сөзсіз. Сондықтан барлық талапқа сай келетін автобустармен паркті жаңарту, санын көбейту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыра беру керек. Бұған лайықты деңгейде қаржы да бөлініп жатыр», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар маршруттың бағыттарды субсидиялауға бөлінетін қаржы да жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, 2021 жылы 1,2 млрд теңге салынса, былтыр 5,3 млрд теңге қарастырылған. Ал биыл бұл мақсатқа қажетті сома көлемі 7,9 млрд теңгеге тең болып отыр.
Жаңа автобустардың жай-күйімен танысу кезінде жолаушылар тасымалы қызметіне қатысты түйткілдер, жоспарлар, жаңа шағын аудандардағы маршрут түзілімі, аралық интервалдың реттілігі сияқты мәселелер аз-кем талқыға түсті. Билік өкілдері тілшілерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ