«KST RECYCLING» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шикізатты жинау, сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарымен айналысады. Мұнда қара және түсті металл сынықтарынан бастап, қауіпті және қауіпті емес қалдықтарға дейін қабылданып, арнайы технологиялық үдерістерден өтеді.
Кәсіпорынның басты ерекшелігі – шикізатты қабылдаудан бастап, оны терең өңдеуге дейінгі өндірістік кезеңдердің бір жерде шоғырлануы. Өндірісте ұсақтау, майдалау, түйіршіктеу және экструзия технологиялары қолданылады. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған өндіріс орны индустриялық аймақта орналасқан.

Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. «Даму» қорының қолдауымен «Өрлеу» бағдарламасы аясында кәсіпорын инвестициялық мақсаттарға 690 млн теңге қаржы тартқан.

Сонымен қатар «Кепілдік қоры 1» бағдарламасы бойынша Қордың 207 млн теңге көлеміндегі кепілдігін пайдаланған. Тартылған қаражатқа пластик пен ағашты қайта өңдеу желілері, медициналық қалдықтарды залалсыздандыруға арналған инсинератор, престер, пресс-қайшылар және арнайы техника сатып алынған.

Мұндағы жұмыстардың бірі – медициналық қалдықтарды залалсыздандыру. Арнайы пеште олар шамамен 1000 градус температурада өңделеді. Қондырғыда сүзгі жүйесі орнатылған.

Ол өңдеу барысында бөлінетін зиянды заттарды ұстап, қоршаған ортаға таралу қаупін төмендетуге арналған.

Өңдеуден қалған қалдықтар белгіленген тәртіппен кәдеге жаратылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты да ауқымды. Мұнда жылына 450 тонна медициналық қалдықты кәдеге жаратуға, 700 тонна пленка мен пластикті, 3600 тонна картонды және 280 тонна ағашты өңдеуге мүмкіндік бар. Кішкентай ғана цехтан бастаған жұмыс үш жылдың ішінде осылайша қанат жайған.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
