Қоныс тойын тойлады

Қоныс тойын тойлады

Рудный қаласы былтырғы жылды тұрғындар үшін жағымды әрі қуанышты жаңалықпен қорытындылады. Мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыру аясында баспанаға мұқтаж азаматтарға көптен күткен пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды.

Кеншілер қаласының әкімі Виктор Ионенко қоныс иелерін өзі арнайы құттықтап шықты. Мұның сыртында пәтерлерге бас сұғып, сапасын да оң бағалады.

«Қоныстануға дайын 75 пәтер бар. Тұрғын үй құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ бос тұрған үйлерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Ленин көшесіндегі тұрғын үй жөнделуде. Құрылысты жазға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда мың пәтер тапсырылды», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Жаңа пәтерлер Качарская көшесі, 11 үй және Молодая Гвардия көшесі, 15 үй мекенжайларындағы тұрғын үйлерден берілді. Жеке құрылыс компаниясы бұл тұрғын үйді іргетасынан бастап салған. Кепілдік мерзімі екі жыл. Осы кезең ішінде компания тұрғын үйге өзі қызмет көрсететін болады. Бұл – үй кезегінде тұрған азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қолдаудың нәтижесі.

blank

«Үй екі жыл бойына құрылыс жүргізген компанияның кепілдігінде болады. Мерзім аяқталған соң да тұрғындардың қалауы бойынша қызмет көрсетуді жалғастыра береміз. Біз кезегін ұзақ күткен азаматтар үшін қосымша шығынсыз бірден қоныстанауға жағдай жасадық», – дейді компания директорының орынбасары Фархад Ғабдуллин.

Соңғы жылдары кеншілер қаласында қаңырап бос қалған көп пәтерлі тұрғын үйлерді қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның үстіне жеке компаниялар да тыңнан тұрғын үй тұрғызуда. Нәтижесінде 55 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға артық. Мұндай өсім қаладағы құрылыс саласының дамып келе жатқанын және тұрғындарды баспанамен қамту ісіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын айғақтайды.

Пәтерлі болған жанның бірі Дина Ыбыраева. Ол үш жыл үй кезегінде тұрған. Бұған дейін отбасы апатты жағдайдағы үйде тұрып келген.

«Жолдасым екеуіміз бес бала тәрбиелеп отырмыз. Енді жылы, жаңа пәтерде тұратын боламыз. Пәтеріміз үш бөлмелі. Өзім сынды пәтер алғандарды қуанышымен құттықтаймын», – дейді пәтер иесі Дина Ыбыраева.

Азаматтарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету – жергілікті билік үшін басты басымдықтардың бірі. Қала басшылығы тұрғын үй беру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді. Алдағы жылдары да баспана кезегін азайту және жаңа үйлер салу бағытындағы жобалар өз жалғасын табады.

Сералы МЫРЗАБАЙ