Қонай шағын ауданында азық-түлік дүкендері, жабық базар, дәріхана және қоғамдық тамақтану орындары сияқты тұрмысқа қажетті орындар ашылатын күн алыс емес. Себебі, 2025 жылы Қостанай қалалық жер қатынастары бөлімі аталған жерде дәл осындай коммерциялық нысандарды салуға арналған 5 жер телімін жалға беру құқығын сату бойынша 4 аукцион өткізіпті.
Аукциондар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электронды түрде, ағылшын әдісі бойынша ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде қала қазынасына 85,2 млн теңге түсіпті. Саудаланған жер телімдері мақсатқа сай игерілсе шағын аудан аумағанда жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қажетті сауда орындары ашылатын болады. Қонай – әлеуеті зор шағын аудандардың қатарына кіреді.
Былтырғы шілде айында жер қатынастары бөлімі аталған аумақта жеке тұрғын үйлер құрылысын салуға арналған жер телімдерін кезектегілерге үлестіруді бастады. Үміткерлерге бюджет қаражаты есебінен салынып, дайын тұрған бір және екі қабатты жер үйлер де ұсынылды. Жалпы саны 69 бір қабатты жер үйдің ауданы 101,4 шаршы метр, екі қабатты 55 үйдің ауданы 115,7 шаршы метрді құрайды. Бірыңғай үлгіге сәйкес арнайы реттілікпен салынған ақшаңқан үйлер туралы бұған дейін газетімізде бірталай жаздық. Таза әрлеудегі баспаналардың іші, сырты түгелдей дайын. Қажетті инженерлік коммуникацияның бәрі тартылған. Кіреберістері абаттандырылған. Әр үйдің ауласы қоршалып, қыздың жиған жүгіндей тап тұйнақтай дайын тұр. Ал бағасы 25 миллион теңгеден басталып 34 миллион аралығында бергіленген.
«Дайын үйлерді қолма қол қаражатқа немесе екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру тетігімен алуға болады. Қазіргі таңда жер кезегіндегі 22 адам сатып алу және сату шартын жасады. Аталған баспаналарды алуға ниет білдірген азаматтар Қайырбеков көшесі 75 мекенжайында орналасқан қалалық жер қатынастары бөлімінің мекемесіне жүгіне алады. Үміткерлерге үйлердің іші-сыртын көрсету үшін Қонай шағын ауданы 17-квартал 1-үйде қалалық құрылыс бөлімінің мамандары отырады. Жұмыс күндері таңертеңгі сағат 10:00-ден кешкі 18:00 аралығында мекеме мамандарына жолыға аласыздар. Сенбіде таңертеңгі оннан түскі екіге дейін біздің мамандар сол жерде болады»,– деді Қостанай қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев.
Қонай тұрғын алабының қолданыстағы егжей тегжейлі жоспарлау жобасында бірінші кезекте 1967 жер телімін игеру қарастырылғанын еске саламыз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
