Қиындықты міндетті түрде еңсереміз

Қиындықты міндетті түрде еңсереміз

Қардың күрт еруіне байланысты еліміздің он аймағында су тасқыны қаупі төніп тұр. Осы табиғи апат біздің облысымыздың оңтүстік өңірлерінен басталып, қазіргі кезде Қостанай қаласына жетті. Осыған орай бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады. Бірнеше күнге созылған су апатымен күрсеуге барлық күштер жұмылдырылып, волонтерлер, құтқарушылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері күні-түні ел үшін қызмет етуде. Ең разы болып, сүйсінгеніміз — қиын-қыстау кезде ауыртпалықты еңсеру үшін халық жұдырықтай жұмылды, жасы да, жасамысы да, бала да, ана да қос қолға күрек алып, күн-түн демей, бел жазбай еңбек етті, маңдай тер мелдектеп төгілді. “Қиындық біріктіреді” деген сөздің растығына көз жетті. Қарға тамырлы қазақтың ауызбірлігінен айырылмағанын көріп, тәубе дедік. Ал енді шығынның орны толар, ахуал оңалар. Уақыт бәріне емші.
Мемлекет басшысы атап өткендей, осы жағдайда зардап шеккен тұрғындарға толықтай көмек көрсетілетінін айтып, сабырға шақырды. Жағдай күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Осындай қиын сәтте бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, бірігуіміз керек. Ауданымыздағы шаруа қожалғының басшысы ретінде бұл жағдайға жайбарақат қарамай өз үлесімді қосып жатырмын. Сіздерді де бірлікке шақырамын!

Баймырза Сатаев,
“Сатаев” ШҚ басшысы

Жаңалықтармен бөлісу