«iGps Tech» ЖШС ұялы байланыс желісі тартылмаған аймақтарда да жұмыс істейтін спутниктік мониторинг жүйесін әзірледі.
Отандық технология малдың орналасқан жері мен қозғалыс бағытын бақылауға, виртуалды географиялық аймақтар белгілеуге, малдың ұрлануы мен жоғалу қаупін азайтуға, сондай-ақ жануарлардың автожолдар мен егістік алқаптарға шығып кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде компанияның қызметін 3 800-ден астам клиент пайдаланады. Ал спутниктік бақылау жүйесіне 130 мыңнан астам жылқы қосылған. Сонымен қатар бұл шешім ірі қара мал мен басқа да жануарларды бақылау үшін қолданылады.
Компания бұл бағыттағы жобасын сегіз жылдан бері дамытып келеді. Осы уақыт ішінде шетелдік жабдықтарды пайдаланудан бас тартып, жайылымдық мал шаруашылығының ерекшеліктеріне бейімделген GPS-құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді өз күшімен әзірлеуге көшті.
2026 жылы компания спутниктік трекер мен биосенсорларды біріктіретін жаңартылған шешімін таныстырды. Жүйе бір мезгілде он жануарға дейін бақылап, олардың дене температурасын және қозғалыс белсенділігін тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл малдың жай-күйін бақылау мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Компания халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Отандық әзірлемеге Орталық Азия елдері де қызығушылық танытуда. Ал Аргентина мен Австралия болашағы зор нарықтардың қатарында.
«Біз Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын өнім әзірлеп жатырмыз. Елімізде жасалған бұл технология әлемдік мал шаруашылығын цифрландырудың маңызды құралдарының біріне айналса дейміз», – деді «iGps Tech» ЖШС-нің негізін қалаушы әрі бас директоры Мирас Байжігіт.
Компания коммерциялық қызметімен қатар, Германиядағы Гёттинген университетімен бірлесіп, мал жаюдың табиғи экожүйелерге әсерін зерттеуге қатысуда. Зерттеу аясында жайылымдарды пайдаланудың табиғи өрт қаупін азайтудағы ықтимал рөлі де қарастырылады.
Ұзақ мерзімді жоспарда iGps Tech спутниктік мониторингті, ветеринариялық бақылауды, талдау жүйелері мен аграршыларға арналған сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа – Agro-SuperApp құруды көздеп отыр.
Отандық осындай әзірлемелер мал шаруашылығын цифрландыруға, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
