Қарасудың қауіпсіздігі үшін: жаңарған өрт сөндіру бөлімі ел игілігіне берілді

Қарасудың қауіпсіздігі үшін: жаңарған өрт сөндіру бөлімі ел игілігіне берілді

Қарасу ауданында қайта жаңғыртудан өткен №24 өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылды. Айтулы күні Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов өңірге арнайы келіп, рәсімнің басы-қасынан табылды.

Өрт сөндіру бөлімінің жаңаруы Қарасу халқы үшін маңызды оқиға. Жөндеуден кейін өзгеше түрленген нысан тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға, төтенше жағдайларға жауап беру қызметін жеделдетуге, жеке құрамның жұмысын ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған орын құтқару қызметінің сапасы мен қолжетімділігін қалыптастырады. Жергілікті тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау жөніндегі міндеттерді жоғары деңгейде орындауға жәрдемші.

blank blank blank blank blank blank

Салтанатты іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, полковник Мұрат Муханов пен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов қатысты. Министр мырза ғимараттың келбетіне жоғары баға беріп, осы жобаны іске асыруға және жалпы құтқару қызметінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мамандарды марапаттады.

blank blank blank blank blank

Аудан әкімі Қайрат Оспановқа «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлес үшін» төсбелгісін табыстады. Қарасу ауданы ТЖБ №24 ӨСБ бастығы, азаматтық қорғау майоры Азамат Текебаевқа Toyota Hilux жедел-қызметтік жеңіл автокөлігінің кілтін берді. Мұның өзі мемлекетіміздің төтенше жағдайлармен күрес саласына деген қамқорлығы мен қолдауының шынайы белгісі. Жаңа техника құтқарушыларға сенімді серік болмақ. Ал мәртебелі төсбелгі Қайрат Темірханұлының еңбегіне берілген шынайы баға деп білеміз. Өйткені, Қарасу өлкесі 2024 жылдың көктемінен бастап күні бүгінге дейін, яғни, екі жарым жылға жуық уақыт бойы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимінде өмір сүріп келеді. Осы мерзім ішінде аудан көлемінде ауқымды жұмыстар жасалды. Алапат су  аудан орталығына небәрі 6 шақырымдай қалғанда жергілікті билік тасқынға тосқауыл қоя білді. Жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын су бұру арнасы арқылы 1,5 миллиард текше метрден астам су Обаған өзеніне бағытталды. Октябрь, Степное, Герцено ауылдарындағы су тасқынынан қираған гидротехникалық құрылыстар толық қалпына келтірілді. Үлкен Чураков ауылына баратын жол жөнделе бастады. Новоселов ауылымен жол қатынасы қайта жанданды. Бұдан да басқа жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылды. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың залалын жоюда аудан басшысының еңбегі барын айту парызымыз. Қайрат Темірханұлы жөндеуден өткен ғимарат жерлестеріне адал қызмет етіп, сенім үдесінен шығады деген ойда.

«Жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің ашылуы Қарасу ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттырудағы маңызды қадам. Осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Біздің құтқарушылар күн сайын әртүрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп, жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр. Қайта түлеген нысан құтқарушылар қызметінің тиімділігін одан әрі жақсарта түседі деген сенімдемін», – деп жазды аудан әкімі инстаграмдағы парақшасына.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, белсенді кәсіпкерлер мен құтқару қызметінің үздіктеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасын ұсынды.

blank blank blank blank blank blank

Марапаттау рәсімінен соң ғимараттың жібек лентасын қиюға кезек келді. Мәртебелі меймандар мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері салтанатты рәсімді атқарып, нысан ішіне кезекпен бас сұқты. Ауыл ақсақалдары жаңарған өрт сөндіру бекеті ел игілігіне қызмет етсін деген ақ тілекті жаудырып жатты.

Жөндеу жұмыстары шамамен, осы жылдың 1-шілдесінде басталып 30-қазанында аяқталды. Нәтижесінде ғимараттың барлық бөлмелері ретке келтірілді.

«№24 өрт сөндіру бөлімін жаңғыртуға 399,9 млн теңге қаражат бағытталып, 26,6 млн теңгеге аумағы кәсіби жасақталды. Жаңғырту барысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қажеттіліктеріне ерекше назар аударылды. Бөлім аумағында футбол алаңы, воркаут аймағы, демалыс орны және спорт залы жабдықталды. Қызметкерлер дене шынықтырумен айналысып, жаттығулар өткізіп, кезекшіліктен кейін күш-қуатын қалпына келтіре алады. Инженерлік коммуникация, жарық және сумен жабдықтау жүйелері ауыстырылды. Бейнебақылау және газ жабдығы орнатылды. Периметрлік қоршау толығымен жаңарды. Электрлік ашылу механизмі бар қақпа қойылды»,-деп хабарлады Қарасу ауданы ТЖБ №24 өрт-сөндіру бөлімінің бастығы Азамат Текебаев.

Іс-шара соңында жиналған жұрт өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаш отырғызды. Іші мен сырты, айналасы түгел жаңарған ғимарат барша аудан халқының амандығы үшін жасалған игі қадам екені сөзсіз.

Қымбат ДОСЖАНОВА