«Қазақ тілі менің бойыма бала күнімнен сіңді»

«Қазақ тілі менің бойыма бала күнімнен сіңді»

Ұзынкөл ауданында еңбек етіп жүрген мал дәрігері Вера Яковенко осылай дейді.
Ветеринариялық станциясында мал дәрігері болып қызмет ететін Вера Александровна Яковенко – өз мамандығына адал әрі ұлттық құндылықтарды қастерлейтін жас маман.

Қарағанды облысының тумасы, қазақ тілін жетік меңгерген Вера Яковенко үшін еңбек жолы мен тіл үйрену оңай болмағанымен, ол қиындықтарды жеңіп, бүгінгі күні аудан тұрғындарына сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуде.

Вера Александровна қазақ тілін алғаш Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы қазақ мектебінде үйреніп, білім алды. Мектепті аяқтаған соң, 2018 жылы Қарқаралы ауданындағы Мыңжасар Әдекенов атындағы колледжде мал дәрігері мамандығы бойынша оқып, өз жолын ветеринария саласында жалғастырды.

«Қазақ тілі менің бойыма көшеде сіңді». Бұл – Вераның үнемі айтатын сөзі. Вераның отбасы Қарағанды облысының Балқаш қаласында бірыңғай қазақ отбасыларының арасында тұрыпты. Сонымен қатар, анасы оны тілді жетік меңгерсін деп қазақ сыныбына берген екен.

– Балалық шағым Балқашта өтті. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Жалғыз орыс жанұясы біз ғана болдық. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Алғаш бастауыш сыныпта аздап қиналдым, кейін қазақ тілін жетік меңгеріп кеттім. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда, ––дейді Вера Яковенко.

Жас маман колледжді бітірген соң Қарағанды облысында лайықты жұмыстың реті болмай, 2022 жылы анасымен бірге Ұзынкөл ауданына қоныс аударыпты. Бұл шешімді қабылдауға Қазақстан жылқышылары тобының ұсынысы себеп болған екен. Қазір Вера малдардың денсаулығын қадағалап, вакцинация мен қан алу секілді маңызды жұмыстарды атқарып жүр.
Вера мал дәрігері ретінде тек жануарлардың денсаулығын қадағалап қана қоймай, ауыл тұрғындарының сенімін ақтауға да жауапкершілікпен қарайды. Әр күнін адал қызметпен өткізіп, адамдарға көмек көрсетуге тырысады. Ол ветеринария саласындағы білімін жетілдіріп, үздік маман болуды мақсат етеді.

Кейіпкеріміз қазақ халқының салт-дәстүрлерін құрметтеп, Наурыз мейрамын тойлап, бауырсақ пісіруді жақсы үйренген. Ол ұлттық құндылықтарды сақтап, қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға тырысады. Вера үшін ораза ұстау мен мейрамдарды бірге тойлау отбасылық өмірінің маңызды бөлігі болып табылады.

Ана тілімізді ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрлерін де тәуір білетін кейіпкеріміздің отбасы ұлттық құндылықтарға ерекше құрметпен қарайтынын атап өтсек артық емес. Аудан тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып-құраласқан Яковенко әулетінің қазақилығынан өзгелер үлгі алатындай. Осындай ортада тәрбиеленген Вераның бойынан қазақилықтың иісі аңқып тұр.

– Мен өз ұлтыма қарағанда қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы білемін. Студент кезімде ораза ұстадым. Наурыз мейрамын атап өтеміз. Үйде бауырсақ пісіргенді ұнатамын. Ал, үйде бір-бірімізбен орысшамен қатар, қазақша да сөйлесеміз. Бірақ қазақ тілінде пікірлесу, әлдебір әңгімені талқылау әлдеқайда жеңіл сияқты. Жалпы, тіл үйрену кез келген адамға қиындық тудырмайды. Бастысы ниет болу қажет. Өзге ұлттың тілін, салт-дәстүрін үйренуде ортаның да өз әсері бар деп ойлаймын. Анамның басқа жерге көшіп баруға мүмкіндігі болса да, біздің болашағымызды ойлап, қазақ тілінде білім алуымызға жағдай жасады. Мен үшін қазақша сөйлеу мақтаныш емес, туған Отанымызға, байырғы ұлтқа деген құрмет, – деп Вера Яковенко бүкпесіз ойын ақтарды.

Арсен КОНКАЕВ,
Суреттерді түсірген – Дархан АМРИН

Ұзынкөл ауданы