Қасиетті өлке Өлеңді ауылының құрылғанына – 61 жыл

Қасиетті өлке Өлеңді ауылының құрылғанына – 61 жыл

Науырзымның нулы, сулы, шұрайлы өлкесін жайлаған Өлеңді ауылы биыл үлкен бір шаруаны қолға алды. Ауыл іші, аруақтар мекені – зират маңайы мұқият тазаланып, жолдарына тас төсеу жұмыстары басталып кеткен. Мұның бәрі бірліктің, елім деген аяулы азаматтардың арқасы.

Биыл ауылдың іргетасы қаланып, ел болып еңсесін тіктегеніне де 61 жыл. Осыған орай ауылдықтар бас қосып, дүркіретіп той жасады. Жақсы істің жаршысы, бастамашысы, ауыл әкімі Жомарт Серкенов. Оны Аңсаған Төрин, Батырбек Ахметов, Еркебұлан Баяхметов, Дима Исаев, Ерлан Көлбаев, Амантай Нұрсұлтан, Алмат Ерғалиев, Нұрлан Көлбаев, Балгүл Қожабаева, Бақытгүл Шеденова, Роза Нұрпейсова, Әсемгүл Ахметова сынды тұрғындар қостай кетті.

Сонымен, Өлеңдіде маусым айының 8 жұлдызы Ауыл күні болып белгіленді. Туған өлкені көркейту, әлеуетін арттыру, мәдениетін дамыту сияқты ізгі іс-шаралар қолға алынып, оған еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін үлес қосты. Туған жерден жырақта жүрген азаматтар да қаржылай көмек көрсетті. Той өткізу қамына кіріскен белсенді топ арнайы бағдарлама құрған. Алдымен ауылдың ішкі-сыртқы тазалығы ескерілді. Аз ғана уақыттың ішінде ауқымды жұмыс атқарылып, қаражат жинақталды. Әр жылдары мектеп бітірген түлектер ауылы үшін ізгі істерге бастамашы болған.

Науырзым ауданы әкімінің міндет атқарушы Қабидолла Орманов ауыл жұртын мекеремен құттықтады.

– Бұл жерге алғаш совхоз директоры болған Молдрахман Иманмағзұмов ағамыздың қосқан еңбегі ерен. Ол кісі осы ауылды алға тартып, талмай қызмет етті. Мал шаруашылығы мен егіншілік қатар дамыды. Қаншама еңбек озаттары шықты. Біз осы кісілердің есімін ұмытпаймыз. Ал бүгінде ауылда мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген шаруалар атқарлып жатыр. Басты мәселе жол еді. Оған мемлекеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Мемлекеттік бағдарлама арқылы Қызылорда мен Шымкент қалаларынан екі отбасы қоныс аударып, еңбекке араласты, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.

Сондай-ақ, Өлеңді ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аңсаған Төрин, елден ертерек көшіп кеткен Алдаберген Бисенов, Берікбай Махмұтов, Есентай Әлин, Алпамыс Жансеңгіров, Гүлбану Тұралиналар да ауыл жайлы естеліктерін бөлісті. Науырзым аудандық мәдениет үйінің өнераздары Сәулет Мырзатаев бастаған өнер иелері әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Астанадан арнайы келген, осы ауылдың тумасы «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы Таймас Алмазұлы да өз өнерін көрсетіп, келген қонақтардың көңілін көтеріп тастады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, әруақтарға құран бағышталып, жиналған жұртқа ас берілді.

Ұлттық спорт сайыстары көпшіліктің делебесін қоздырды. Серке көтеруде өлеңділік жас палуан Қонысбай Биахметов жеңімпаз атанды. Ал аламан бәйгеде Қостанай қаласынан келген Ернар мен Беріктің жүйрігі оза шауып, бас жүлде – бір жылқыны қанжығасына байлады. Тай, құнан жарыстарына да қомақты жүлде тігілді.

Қазақ күресінен өткен жарысқа ауылдың ғана емес, ауданның намысын қорғап жүрген палуандар жиналды. 70 кг дейінгі салмақта Талғат Кеңесов бірінші орын алса, түйе палуан бәсекесінде Қуат Ділдәбековтің бағы жанды.

Ұлан-асыр тойдың жүлде қорын ауыл халқы өздері жинап, бірлік-берекенің, пейілдің кеңдігін көрсетті. Бірлігі жарасқан елдің келешегі келісті екенін ауылдағы ағайын дүйім елге паш ете білгендей.

– Біз бұл тойға көп уақыт дайындалдық. Whatsapp мессенджерінде «Жерлестер» тобын ашып, оған ертеде көшіп кеткен 500-ден аса тұрғын жиналды. Ауылға әркім өз үлесін қосты. 4,5 млн аса қаражат және ірі қара жиналды. Қаржыны тойдың шығынына жұмсадық,, түскен мал жүлдеге қойылды. Артылған қаржатқа мектептің ішіндегі мәжіліс залына креслолар алынды. Одан қалды балабақшаға диван, сондай-ақ, ауыл намазханасының асханасына қажетті заттар әпердік. «Көп түкірсе – көл» демекші, қолдаған барша жерлестерге, шаруа қожалықтарының басшыларына алғысымды білдіремін, – дейді Балгүл Қожабаева.

Осылайша республиканың әр өңірінен туған жерім деп келген тұрғындар бір жасап қалды. Бірі жастық ғұмырын еске түсіріп, көптен көріспеген әріптестер бірін-бірі көріп, ағайын-туыс, дос-жарандар құшақ жая көрісіп, мәз мейрам болды.

 

Береке-бірлік астасқан

Қазіргі таңда ауылдың тыныс-тіршілігі ойдағыдай. Тұрғындар саны 400-ден асады. Өлеңді негізгі орта мектебі, «Балдәурен» балабақшасы, өзге де әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Ауылдың алғашқы әкімі Қасымхан Ахметов 1992-2000 жылдар аралығанда еңбек еткен. Қазіргі таңда ауыл әкімі Жомарт Серкенов.

Ауылға 2021 жылы арнайы су орталығы салынған. Тұрғындар ауыз суды осы су қоймасына келіп, қалаған көлемде сатып алады. 40 литр су бағасы – 150 теңге. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің албарында жеке құдықтары да бар. Әр жыл сайын сынама алынып, тексеріс жүргізіліп тұрады. Қыста көмір мен отынды сатып алады. Ауылды көмірмен жеке кәсіпкер Талғат Беймағамбетов қамтамасыз етеді.

Ауылдан қала мен ауданға қатынау үшін жеңіл көлік пен шағын автобус тұрақты жүріп тұрады. Азық-түлік сататын дүкендері бар. Бүгінгі таңда ауыл дүкенінен шамамен нанды 140-150, сүтті 380, пиязды 180 теңгеге ала аласыз.

– Күнкөріске керекті азық-түлікті осы ауылымыздың дүкендерінен аламыз. Баға тым жоғары немесе тым төмен деп айта алмаймыз, басқа ауылмен тең. Көп мөлшердегі азық-түлікті қалаға барғанда әкеліп қоямыз. Мал өсіріп, өнімін аламыз. Нанды да қолдан жиі пісіріп тұруға тырысамыз, – дейді ауыл тұрғыны Ақжарқын апамыз.

2006 жылдан бері ауылда «Beeline KZ» байланысы орнатылған. Осы жылы «Теле 2» байланысы қойылып, халық әлеуметтік желілерді еркін қолданып, байланысқа оңай қосыла алады. Бұл ауыл үшін маңызды әрі қажетті.

Өлеңді ауылының негізгі тіршілігі – мал өсіру. Жылқы бағып, ауылдың мал шаруашылығын дамытып отырған ауыл азаматтарының бірі – Алмат Ерғалиев. 2018 жылдан 60 бас жылқы әкеліп бастап, бүгінде жүзге жуық жылқы ұстайды. Ресейден, өзге өңірлерден жылқы әкеліп, тұқымын көбейтуде.

– Осы Өлеңді ауылында туып өскем. Туған жерімде жылқы санын көбейтуге ниеттеніп, мақсатыма жеттім. Жылқы жануары сыртта жайылғанымен, қадағалау мен күтімді қажет етеді, – дейді кіәсіпкер.

Алматтың ендігі мақсаты – асыл тұқымды мал санын көбейту.

Қазақ халқы «жүйрiкте де жүйрiк бар, бабына қарай шабады» деп ат баптаудың қаншалықты маңызды екенiн білген. Сәйгүлікті бабына келтiрiп баптаудың өзі үлкен өнер. Мұндай өнер атбегі Ерлан Көлбаевқа қонған. Бұл іспен айналысып келе жатқанына 15 жыл болыпты. Талай жүйрігі жүлделі болған.

– Әкем малмен айналысқан кісі, қазіргі таңда зейнеткер. Оның жанында жүріп, бала кезімнен көргенімді үйреніп, жылқы малына қызықтым. Үйір ұстап облыста, ауданда болатын бәйгелерге қалмай қатысуға тырысамыз. Соңымнан ерген балаларыма да жүйрік баптап, ат шабуды үйретеді, – дейді Ерлан Көлбаев.

Өлеңді ауылының басты мәселесі – жол. Аудан орталығына апарар жол сын көтермейді. Оны өз көзімізбен көріп, куә болдық. Айналдырған 35 шақырымдық жолдың ойдым-ойдымы шыққан. Қыста қар басып, байланыс мүлде үзіледі. Бұл тек Өлеңді ауылындағы қиыншылық емес. Ауданға қарасты бірнеше ауыл осындай қиындықпен отыр. Ауырған кісілерді қалаға уақытында жеткізу қиын. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 35 шақырымдық жерге жаңадан асфальт төселіп жатыр. Жұмыс қызу жүруде. Сонымен қатар екі көшесіне де жаңадан асфальт төсеу жұмыстары қолға алынған. Ендігі жерде бұл қиындық болмайды деп сенеміз.

Иә, туған өлке әрбір жанның жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Ешбір жерге айырбастауға келмес өзіндік құны мен қасиеті астасқан туған дала. Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы болған ауылдың келешегі жарқын болсын дейміз. Елден түлеп ұшан азаматтар қол ұшын беріп, ауыл-ауылды жандандыра түссе ешбір мекен жабылып, тоқырауға ұшырамас еді. Сенің де келешегің жарық болсын, Өлеңді.

Айбек Таңатбаев

Науырзым ауданы,

Өлеңді ауылы.

Жаңалықтармен бөлісу