Қарабалық, Қостанай, Ұзынкөл аудандарының шаруалары 900 гектар алқаптың өнімдерін жинап алды

Қарабалық, Қостанай, Ұзынкөл аудандарының шаруалары 900 гектар алқаптың өнімдерін жинап алды

Облыс диқандары егін орағына кірісті. Биыл көктемде шаруалар 4,4 млн гектар алқапқа дән сіңірген еді. Жиын-терім науқаны басталғалы бері облыста 97,7 мың гектардың астығы бастырылды. Бұл барлық егін алқабының 2,2%-не тең. Орташа түсім  6,9 центнерден айналады. Облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетовтің айтуынша, кей өңірде астық шығымы дәтке қуат. Ал кей ауданда шығым өте  төмен.

 

     –Мәселен, Қарабалық  ауданында әр гектардан 12,3 центнерден өнім жиналса, Ұзынкөлде  10,6, Қарасу ауданында 10,3 центнерге пара-пар. Ең төменгі көрсеткіш Арқалық қаласына тиесілі. Бар болғаны – 3 центнер. Жанкелдинде  – 3,2, Аманкелдіде – 4, Науырзымда  – 5,2, Жітіқарада өнім көлемі  5,9 центнерден аспайды. Сондай-ақ,  жекелеген аудандарда жиналған майлы дақылдардың үлесі басымдау. Бүгінде Қарабалық, Қостанай, Ұзынкөл аудандарының шаруалары 900 гектар алқаптың өнімдерін жинап алды. Әзірге, 500 тонна майлы дақыл өнімдері бастырылды. Орташа өніміділік 5,4 центнер,–дейді И. Бекмұхамбетов.

 

Өңірде сыйымдылығы 3 млн тонналық астық қоймасы бар. Оның үстіне, ауылшаруашылық құрылымдарының меншігінде тағы 5,3 млн тоннаға арналған элеваторлар дайын тұр. Мұның бәрі жиналған астықты сақтауға толық жеткілікті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тамыз айындағы жауын-шашынға байланысты ылғалды өнімнің түсу мүмкіндігіне орай аудан әкімдеріне   астық кептіру агрегаттарының  үздіксіз жұмысын  жолға қоюды тапсырды.

 

     –Жиналған егіннің бір түйірі далада қалмауы керек. Бұл ортақ міндет. Күзгі науқандық жұмыстарды сапалы әрі уақытында аяқтау ләзім,–деді өңір басшысы.

 

Мамандардың айтуына қарағанда, жиын-терім жұмыстарына облыста  8,8 мың астық жинайтын комбайн, 3,1 мың  роликті орақ, 8,2 мың жүк көліктері жұмылдырылған. Яғни, егін орағын қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік мол. Орақ науқанын қапысыз өткеру үшін біздің облысқа  85,1 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бүгінге текті соның  24,2 мың тоннасы шаруалардың қолына тиді. Өңір басшысы дизельдік отын бір литрін 250 теңгеден асырмау қажеттігін қадап тапсырды.

 

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу