Қостанайда көше бойына жағалай жайғасып алып, жабайы сауданың көркін қыздыратындар азаяр емес. Әсіресе, орталық базардың Победы көшесіндегі жаяу жүргіншілердің жолын тағы да сауда-саттық сөресіне айналдырды. Ол аз болғандай, Траитлон саябағынан да «жайма базардың» ұшқыны сезіледі.
Дүйсенбілік дәстүрлі аппарат кеңесінде қала әкімі Марат Жүндібаев аталған мәселені ортаға салып, саябақтар мен көшелердегі бей-берекетсіздікке бақылауды күшейтуді тапсырды.
Бұрын Победы көшесінің бойынан орталық базар тұсындағы өткелден көлікпен жүру мұң еді. Тіпті жаяу адамның өзі әупірімдеп әрең өтетін. Себебі саудагерлер жол бойын рұқсатсыз иемденіп алып, жаймасын төсеп жіберіп алаңсыз саудасын жүргізетін. Уақыт өте әлгі жер жабайы «жайма базарға» айналды.
Қала билігі 2022-2023 жылдары Победы көшесіндегі заңсыз сауда павильондарын сүріп, тротуарды босатты. Кәсіпкерлермен кеңесіп, тұрғындардың базар маңынан емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасай бастады. Рұқсатсыз қойылған дүңгіршектер мен шатырлар стационарлық нысандарға көшірілді. Сол кезде жаяу жүргіншілер жолын жауып тұрған 130-ға жуық сөре сүріліпті. Алғашында кәсіпкерлер тротуардың жиегіне қоршау орнатып, базардың сыртын жауып қоюды ұсынған.
Билік бұл жоспарды қолайсыз деп тауып, бас тартты. Есесіне қазір кейбір сатушылар жаяу жүргіншілер жолын тағы да «басып алып», тауарларын қоюда.
«Тәртіп бұзушылармен профилактикалық әңгімелесу жүргізу жеткіліксіз. Нәтижесі мардымсыз. Тротуар – адамдардың жүруіне, қозғалысына арналған. Ол жерге жәшік, сауда сөрелерін орнатуға болмайды. Мұндай бұзушылықтарға тосқауыл қоюды дұрыстап қолға алыңыздар», – деген қала әкімі жергілікті полиция қызметін белсенді болуға шақырды.
Шаһар басшысы қала шетіндегі Триатлон саябағына ерекше тоқталды. Жабайы сауда бұл маңға да жетіпті. Алып сатарлар көздің жауын алар түрлі-түсті ойыншықтар мен қызылды-жасылды шарларды өткен-кеткенге ұсынып әлек.
Жұрттың өз заттарын сатқанына еш қарсы емеспіз. Бірақ, оның бәрі заңды, мәдени түрде болса игі. Қазір қала көшелері жаңарып, белгілі бір тәртіпке икемделе бастады. Әдеміліктің арасында «жабайы сауда» көзге оғаш көрінетіні рас.
«Триатлон саябағы спортпен шұғылдануға, таза ауада серуендеп сейіл құруға арналған. Ол жерге «жабайы сауданы» жүргізуге жол берілмеуі тиіс. Біз балмұздақ, сусын сату үшін арнайы орын дайындап қойдық. Сондықтан баршаңызды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамын», – деді Марат Жүндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Василий Васильев
