Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында полиция қызметкеріне шабуыл жасады деп айыпталған үш жас жігітке қатысты алғашқы сот отырысы өтті.
Айыптау актісін мемлекеттік айыптаушы оқып берді. Болған оқиғаның мән-жайына үңілер болсақ, оқиға осы жылдың 28 наурыз таңертең Береке шағын ауданындағы 60-шы тұрғын үйдің алдында болған. Сол күні таңертең үш ер адам қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішіп, өздерін дөрекі ұстап, айналасындағыларға тіл тигізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған. Осы кезде полиция қызметкері Руслан Қазиев балаларымен бірге үйден шыққан. Жұмысқа бара жатқандықтан үстінде полиция формасы болған. Қоғамдық тәртіптің бұзылып жатқанын көрген полиция қызметкері кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды көлігіне отырғызғаннан кейін ер адамдарға жақындап, құқық бұзушылықты тоқтатуды талап еткен. Аталған адамдардың жанында асфальт үстінде көлемі 0,5 литр «Полюс» маркалы арақ және «Кока-Кола» газдалған сусыны болған.
«Қазиев полиция қызметкері әрі билік өкілі ретінде қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың жолын кесу жөніндегі қызметтік міндетін атқара отырып, аталған азаматтарға жақындаған. Ол оларға заңды ауызша ескерту жасап, құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды, қоғамдық орыннан кетіп, тұрғылықты жерлеріне баруды талап еткен. Алайда азаматтар полиция қызметкерінің заңды талабын агрессивті түрде қабылдаған. Олар полиция қызметкерінің формалы киімде жүргенін және қызметтік міндетін атқарып тұрғанын біле тұра, оған күш қолдануға бағытталған әрекеттерге барған. Қазиев өзіне бірнеше адамның бір уақытта күш қолданып жатқанын түсініп, өзін қорғау және құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу мақсатында күрес әдісін қолданған», – деді прокурор.
Алайда жанжал мұнымен тоқтамаған. Жігіттердің бірі Қазиевке кемінде екі рет жұдырығымен басынан соққы жасаған. Кейін жағдайды пайдаланып, оның басы мен денесіне оң аяғымен кемінде төрт рет соққы жасаған. Соққылар адамның өмірлік маңызды дене мүшелеріне жеткілікті күшпен жасалған. Соның салдарынан Қазиев есінен танып қалған. Осыдан кейін де оған күш қолдану жалғасқан. Айыптау материалдарында Қазиев ес-түссіз жатқан кезде оның басы мен денесіне бірнеше рет жұдырықпен және аяқпен соққы жасалғаны көрсетілген. Куәгерлер келіп жанжалды тоқтатуға тырысқан. Үш жігіттің екеуін шетке ығыстырып алып кеткен, алайда үшіншісі полиция қызметкеріне қайта ұмтылып, соққы жасап үлгерген. Сондай-ақ,
«Сот-медициналық сараптаманың 2026 жылғы 30 сәуірдегі қорытындысына сәйкес, Қазиевтен жабық бас-ми жарақаты, маңдай және самай аймақтарындағы көгерулер, құлақ маңындағы сырылулар, оң жақ шүйде аймағындағы гематома, еріндерінің шырышты қабаттарындағы қан құйылулар, иек аймағындағы сырылулар, миының шайқалуы және сол қолының екінші саусағындағы жарақаттар анықталған. Сараптама қорытындысы бойынша аталған дене жарақаттары жиынтық түрде де, жеке-жеке алғанда да денсаулыққа жеңіл зиян келтірген. Денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуы 21 күннен аспайтын мерзімге бағаланған. Олар полиция қызметкерінің заңды талаптарын елемей, топ болып әрекет еткен. Сондай-ақ, бас пен денеге соққы жасап, жәбірленуші есінен танып қалғаннан кейін де күш қолданған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Айыптау тарабының мәліметінше, сотталушылар полиция қызметкерінің билік өкілі екенін және қызметтік міндетін орындап жүргенін біле тұра, оған күш қолданған. Олардың әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігінің 4-тармағымен, яғни билік өкіліне оның қызметтік міндеттерін орындауына байланысты өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану, адамдар тобы жасаған қылмыс ретінде қаралып отыр. Бұл бап бойынша сотталушылар – 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін. Барлық мән-жайлар әзірге айыптау тарапының ұстанымы.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – автор


